Басты бет » Пікір » Жанашырлық пен қамқорлық

Жанашырлық пен қамқорлық

Дарын Ақшыманов,

М.Төлегенов атындағы орта мектептің мұғалімі:

Әлемді шарпыған жұқпалы індеттің салмағы елімізге оңай тимеді. Осы сындарлы шақта Президент Қасым­Жомарт Тоқаев қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Ел басқарып отырған Президентіміздің байсалды да байыпты істері баршамызды жігерлендіріп келеді.

Мемлекет басшысының «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында да елге шын жанашырлық пен қамқорлықты байқадық.

«Төтенше жағдай күнделікті өмірі­мізге елеулі өзгеріс енгізді… Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл — адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады», — деген сөздері көп жайтты аңғартады.

Ел аумағында төтенше жағдай талабына сай індеттің алдын алу мен салдарын жоюға қатысты кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Оның бір мысалы, Ырғыз ауданының Ақши ауылында «Біз біргеміз» акциясы аясында жасалған қайырымдылық істер елдің ауызбіршілігін тағы бір мәрте танытты. Жастардан құралған «Ниет» еріктілер тобы арнайы акциялар ұйымдастырып, ауыл кәсіпкерлері Қуанышбай Дабылов пен Манатбек Жалғасбаев ізгі істерге алғашқылардың бірі болып көмек қолдарын ұсынды.

Ауылдағы аз қамтылған отбасылар азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, жұмыссыз, табысынан айырылған тұрғындар мемлекет қолдауына ие болды.

Төтенше жағдай кезінде ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерде де көптеген қайырымдылық бастамаларымен танылуда.

Сөз соңында айтарым, Мемлекет басшысының осынау қиын шақта елді жігерлендіретін сөздері әрбір азаматқа қолдау болады деп ойлаймын. Еліміз бұл қиын­дықты да жеңіп, шыңдалып шы­ғатынына сенімдімін.

Ырғыз ауданы

 Ақши ауылы.