Басты жаңалықтар

Сегізінші «Сервистік әкімдік» ашылды

Ақтөбе қаласындағы Астана ауданы әкімдігінің ғимаратында «Сервистік әкімдік» кеңсесі ашылды. Аймақтағы осымен сегізінші «Сервистік әкімдік» кеңсесінің ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, сонымен қатар  мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин бастаған топ кеңсе ішін аралап, ондағы қызмет көрсетуші мамандармен тілдесті. Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсететін кеңсе аптасына бес күн, таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Оңдасын Оразалиннің айтуынша, көпшіліктің бір жерге, яғни тек халыққа қызмет көрсету орталығына ғана бармай, оларға мемлекеттік қызмет көрсетуде мұндай кеңселердің маңызы зор. Сондықтан облыс әкімі шаһар басшысы Асхат Шахаровқа бұл орайда қалаға қарасты бұрынғыауылдық округтердегі халықпен кері байланыс орнату мәселесін басты назарға алуды тапсырды.

«Сервистік әкімдіктің» басты міндеті — атқарушы орандар қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету, қызмет алушы азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру және мемлекеттік қызметкерлермен байланыс кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Мұнда басшылар мен құзыретті тұлғалардың азаматтарды жеке қабылдауына арналған «OPENSPACE» форматындағы кабинет пен балалар алаңы да жабдықталды. Бұл — облыстағы сегізінші «Сервистік әкімдік».  Қазіргі күні аймақта «OPENSPACE» форматындағы 61 кабинет жұмыс істейді. Мұндай  кеңселерді біз халыққа тиімді болуы үшін ашып жатырмыз. Себебі қазір азаматтардың көпшілігін бірінші кезекте атаулы әлеуметтік жәрдемақы, жер мәселелері алаңдатады. Сондықтан «Сервистік әкімдік» кеңсесінде бірінші кезекте осындай әлеуметтік мәселелер бойынша қызмет көрсетудің түрі ұсынылған. Сол себепті аталған ауданға қарасты азаматтар қалалық әкімдікке, болмаса халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, өз арыз-шағымдарымен осындай кеңселерге келіп, шаруасын бітіре алады, — деді «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев.

Айта кетсек, биыл наурыз айында елімізде алғашқылардың бірі болып облыс әкімдігінде «OPENSPACE» форматындағы кабинет ашылған болатын. Аталмыш кабинетте облыс әкімі, жергілікті атқарушы орган басшылары азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін ашық режимде шешеді.

Биыл алғашқы жартыжылдық аяқталғанға дейін облыстың барлық аудан орталықтарында тағы сегіз «Сервистік әкімдікті» іске қосу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Астана ауданы әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Сервистік әкімдік» кеңсесін аралап, жұмысымен танысқаннан соң ондағы қызметкерлердің ісіне сәттілік тіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button