Жеңіс

Ерен ерлік иесі — Ешбаев

Жеңіс-75

Даңқтың биігінде

Екінші дүниежүзілік  соғыста Ақтөбе өңірі бойынша батыр атанғандардың қазір бірде-біреуі қалған жоқ. Олардың жесірлерінің өзі өмірден өтіп кетті. Жалғыз көзі тірісі — үш дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаевтың жесірі,  Шынкүміс Құрманалықызы екен. Сондықтан мереке алдында біз батырдың отбасын, соңғы тұяғын іздегенбіз. Оның ерінің ерлік жолдары елге әлдеқашаннан мәлім. Ол туралы кітап жазылды. Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінің қорында сақтаулы, жәдігеріне қойылған, республикалық, өзіміздің облыстық газеттерде де әр жылдарда жазылды, ашып қалсаң интернетте де сайрап тұр. Байғанин ауданының Қызылбұлақ өңірінде 1924 жылы дүниеге келген азамат 1942 жылы әскерге алынып, Калинин, Ленинград және 1-Белорус майданында 17-инженерлік-саперлік Гатчина бригадасының саперлік батальонының құрамында соғысқан. «Сапер — бір-ақ рет қателеседі» дейтін қағидамен өмір сүретін мамандық иесінің қыл үстіндегі тірлігі белгілі ғой. Осындай жағдайда жүріп те, 1944 жылы қатардағы жауынгер Сәрсенғали Ешбаев  Ленинград блокадасын бұзу кезінде ерекше көзге түсіп, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін иеленеді. Одан кейін Нарва мен Тарту қалаларын азат ету кезінде қол бастап, бір топ жауынгерлермен жау шебіне кіріп, әскери бөлімшенің қалаға кіруіне жол ашады. Осы жерде оған екі қабатты үйдің төменгі қабатына мықтап бекінген жаудың атыс нүктесін жою тапсырылады. Ержүрек ефрейтор осы тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін екінші дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына тағады. Ал бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталуы тікелей саперлік ептілігіне, жаужүрек батырлығына қатысты еді. 1945 жылы 14 қаңтарда 1-Белорус майданы жауынгерлері Польшаның Пилица өзені бойында болған сұрапыл шайқаста, саперлер борап тұрған жау оғының астында минадан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Осы жан беріп, жан алған шайқаста Ешбаев тобы танкіге және жаяу әскерге қарсы құрылған 16 минаны залалсыздандырады.

Сөйтіп, Байғанин топырағында туып, ел басына күн туғанда майданға аттанған азамат Кеңес Одағының Батыры атағына  теңестірілетін «Даңқ» орденінің үш дәрежесін түгел алып, қаһарман батыр атанады. Және оның бұлай болуы тегін де емес екен.

— Менің әкем Сәрсенғали Табыннан шыққан әйгілі Бармақ батырдың бесінші ұрпағы. Батыр болып жүргені содан. Яғни батырлық қанымызда, тұқымымызда  бар, — дейді батырдың қызы Бақыт Ешбаева.

Бақыттың есімі көпшілікке кеңінен таныс. Ақтөбе телекомпаниясында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагер журналист. Сондықтан да біз осы материалды дайындау кезінде әріптес замандасымызға көбірек жүгіндік. Әкесі мен анасы туралы мұндай адамнан артық кім білуі мүмкін? Өткен жылы батырдың туғанына 95 жыл толуына байланысты облыстық әкімшілік деңгейінде  ас беріліпті. Оған облыстық әкімдіктен, облыстың әлеуметтік сала мекемелерінен ресми адамдар, туған ауданынан жерлестері көптеп қатысқан. Бұлай болатыны, батырдың көзін көргендер әлі де бар екен. Майданнан елге 1947 жылы оралған батыр өзінің туған ауданында халық шаруашылығының әртүрлі саласында жемісті еңбек еткен. Ауылдық кеңестің төреғасына  сайланып, кейін сауда саласына ауысып, бірнеше ауылдардағы жұмысшылар кооперацияларын басқарған. Осы саладан 1975 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бір сөзбен айтқанда, өзі 1996 жылы  өмірден өткенше туған ел-жұртымен тығыз байланыста болған адам.

— Әкем осындай болғанда, менің анам да жай адам емес. Оған тек Ешбаевтың жесірі деп қарауға болмайды. Байғанин өңірінде Құрманалы Наурызалин деген әйгілі зергер, ұста болған. Кезінде ауданның қырық қолхозын  сол ұсталығымен қолға ұстап тұрған.Ол кісінің өнерін, кісілігін әр жағы Оймауыт, Алтай, Ақжар, бер жағы Қарауылкелді, тіпті Ойылға шейінгі бірсыпыра жұрт біледі. Бір қауым ел «әке» деп құрметтейді. Менің анам сол Құрманалы әкеміздің жалғыз қызы, екі жақтан да текті адам. Сондықтан болар, сөйлесіп отырғанда біреу әңгімесін бұзса қатты ренжиді, — дейді Бақыт. Мен әріптесіміздің бұл маған ескертуі болар деп түсіндім.

 «Қарапайым өмір сүрдік…»

— Бір жылы осындай Жеңіс мерекесіне орай анамды құттықтауға үйге облыс әкімі келді, — деп жалғады әңгімесін. — Жанында адамдары бар. Бір кезде «Айналайын, сен қандай әкім болсаң да маған әкім емессің» дегені. Сөйдеді де «Сен менің сөзімді тыңда, маған ештеңенің керегі жоқ. Маған осындай атақты адамның зайыбы деп келіп отырғаныңа батамды беремін. Тағы да айтамын, маған ештеңе керегі жоқ сенен. Алысып-жұлысып пайда іздеген адам емеспін. Шалым да сондай болды. Қарапайым өмір сүрдік. Менің айтайын дегенім, Жаңатаң деген жерде ағаңның атына берілген мектеп бар. Сол елді барып көр. Ол жердегі адамдар қалаға көшіп жатыр. Неге көшеді? Қалаға келеді де, бау-бақшадан жұпыны қоныс алып отырады. «Сосын маған үй керек, күй керек» деп сіздердің  бастарыңызды  ауыртады. Сондықтан Жаңатаңға қолыңнан келсе, газ апар!» — деді. Сосын қабырғадағы әкемнің портретін көрсетіп, «Маған жасаған жақсылығың болсын, маған бергенің болсын, мына атаңның атындағы мектеп құлайын деп тұр, сол ауылға мектеп сал, ауылға газыңды апар. Сонда халық көшпейді, орнында отырады» деді. Анам әкімге тап осылай шегелеп айтты, мен қасында отырмын.

Бақыттың мына әңгімесінен кейін, Байғанин ауданының Жаңатаң аталатын ауылына газ барғанын, жаңа мектеп құрылысына да қозғау салынып жатқанын естідік. Батырдың жесірінің әкімге айтқан әңгімесін естіген жаңатаңдықтар, газ барғанда «Апа-ау, сенің арқаң, апа-ау, сенің арқаң. Әкімге сен бұлай айтпағанда, бұл газ келмейтін еді» деп алғыстарын жаудырыпты. Алайда мұны Шынкүміс шешеміз өзінің еңбегі санамайды.

— Әуелі бір Алла, сосын шалымның арқасы. Егер шалым болмағанда, батыр болмағанда мен кіммін. Соның атынан айтып отырмын ғой. Уәделеріне тұрған азаматтарға алғысым шексіз.

Батырдың қосағы бұрынғыдай музейлердегі, қоғамдық ұйымдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ерлік жолдарын ұлықтаған жиындарға, басқосуларға қатыса алмайды. Қазір жас ұлғайған, жүріп-тұру қиындаған. Дегенмен, телехабарлардан жаңалықтарды қалт жібермей қарап отырады.  Үлкен-кіші бас қосқан жерде өсек-аяңға жол бермейді. Елбасының, Президенттің саясатын жақтайды, шаң жуытпайды. Кейбір ауыс-күйіс сөйлегендерді: «Аштық жоқ, соғыс жоқ, тыныш, зейнетақыны уақтылы алып отырмыз, бұдан артық не керек» деп шаңын қағып тастайды.

— Зейнетақым 100 мың теңгеге жетті. Мен сияқты үйде отырған кемпірге 100 мың теңгені кім береді. Балаларымызға қаратпай отыр. Тіпті мен балаларыма күш көрсетемін, себебі зейнетақым бар ғой, — деп қояды.

Кейуананың әңгімесін тыңдап отырып, қандай қанағатшыл адам деп ойлайсың. Болмаса, мына өмірде жүз мың теңге түгілі, миллиондарды азсынып жүрген қаншама адамды кездестіресің. Қанша берсе де риза емес, тойым жоқ…

Отағасысы екеуінің бір мақсаты — бала тәрбиелеу болған. Ұл да, қыз да өсірген. Қазір кенже ұлы Жиенғали Ешбаевтың қолында отыр. Балалары ішкі істер саласында қызмет атқарған. Бұл баласы да ішкі істер саласында істеп, отставкаға шыққан, қазір зейнеткер.

Бұл әулет түгел — балалары, немерелері, шөбелері батырдың есімін қадірлейді, қасиет тұтады. Ата даңқына сай болуды ойлайды. Ұрпақтан ұрпаққа өмір солай жалғасып келеді. Сол әулеттің төрінде басшысы, ақылшысы болып Шынкүміс ана отыр. Әр жыл сайын айналып келетін Жеңіс мерекесінің дастарқанын да сол кісі жаяды…

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button