Жаңалықтар

#RAMAZANDABASPANA: ақтөбелік еріктілер үй салып жатыр

Қасиетті Рамазан айының алғашқы күндері көпбалалы Абашовтар отбасы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Бұған дейін саяжайлардың бірінде қуықтай бөлмені паналап келген отбасыға «Volonter.2020_aqtobe» ұйымы асар жинап, үй тұрғызып жатыр.

Өткен жылдың желтоқсан айында волонтерлік қызметті жүзеге асыру арқылы жастарды мейірімділікке, қайырымдылыққа баулу мақсатында құрылған ұйым өңірдегі бірталай игі істің өтеуіне арқау болды. Бұған дейін бірнеше қайырымдылық концертін ұйымдастырып, көптеген отбасыға қол көмектерін берген еріктілер бұл жолы үй салуға кіріскен.

— Елде төтенше жағдай жарияланып, көптеген жұмыс орындарының тоқтағанын жақсы білеміз. Әрине, ешкімге оңай болмады. Ел басына күн туған шақта біздің ұйым өкілдері жұмысы тоқтап, айлық табысы кеміген аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға түрлі қайырымдылық шараларын жасады. Сондай қайырымдылық жасап жүрген кезімізде осы отбасының жағдайымен таныстық. Бірнеше жылдар бойы аядай бөлмені паналап келген отбасының 4 баласы бар. Отағасының да тұрақты жұмысы жоқ. Зерттей келе, ешқандай әлеуметтік көмек алмайтынын да білдік. Бұған дейін көмек сұрап барған азаматтардың бірі саяжайдан жер беріп, сол жерден бір бөлме тұрғызып алған екен. Бірақ құжаттары реттелмепті.  Кейін, ойлана келе осы отбасын Қасиетті Рамазан айында қуантпақ болып шештік.#RAMAZANDABASPANA қорын құрып, жұмысты бастап кеттік, — дейді «Volonter.2020_aqtobe» ұйымының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев.

Оның айтуынша, үйдің толықтай шатырын жауып, есік-терезесін салу үшін шамамен 2,5 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Ал жастардың қолында әзірге тек 500 мың теңгенің шамасында ғана ақша бар. Дегенмен, іске қызу кіріскен еріктілер өткен жұмада қой сойып, өлі аруақтарға Құран бағыштап, үйдің іргетасын қалауды бастап кеткен.

— Әрине, үй тұрғызу оңай жұмыс емес екендігін жақсы білеміз. Бірақ шын ниеттеніп, еңбектенсек, алынбайтын қамал жоқ. Қазіргі таңда өңірдегі кәсіпкерлерге хабарласып жатырмыз. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жасаған хабарландыруларымыз арқылы қолдарынан келгенше ақша аударып жатқан жандар да баршылық. Көп түкірсе, көл болады. Қажетті қаражат жиналса, құрылыс жұмыстарын бір айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деген Нұрбек еріктілердің қатарында құрылыстан хабары бар азаматтардың да барын айтты.

— «Volonter.2020_aqtobe» ұйымының құрамында 14 пен 60 жас аралығындағы 60-тан астам ерікті бар. Жас шамасы әртүрлі болғанымен бір отбасының адамдары секілдіміз. Арамызда студенттермен қатар құрылыс жұмыстарын жақсы меңгерген жігіттер де бар екен. Үйдің қабырғаларын солар қалап жатыр, — дейді ол.

Айта кетейік, «Volonter.2020_aqtobe» ұйымы төтенше жағдай кезінде 55 аз қамтылған отбасыға азық-түлікпен гигиеналық құралдар апарып, 400-ден астам медициналық бетперде тігіп таратқан.

Р.S.  Еріктілердің ерлігін қолдап, Қасиетті айда қайырымдылық жасап, қол ұшын созамын деген жандар болса  8705 917 49 02 – Нұрбек Жалғасбаевтың телефон нөміріне хабарласуларына болады. Каспий голд:4400 4301 8785 3731.Әлеуметтік желідегі парақшалары: @nurbek_zhalgasbaev@volonter.2020_aqtobe

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button