Мереке

Халықаралық әскери ойындардың жеңімпазы

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

Диас Қосуақов әскери бөлімдегі барлық техникалардың «тілін» біліп қана қоймай, ол бойынша сынға түсетін аға сержант. Ақтөбелік жігіт қазақ әскерінің абыройын халық­аралық бәсекеде қорғап жүргенін өзіне үлкен мақтаныш санайды. Бұған негіз де жоқ емес, аталған дүниежүзілік додаларға екінің бірі қатыса алмайды.

Былтыр 5-ші рет шымылдығын түрген әскерилер арасындағы халықаралық жарысқа барлығы 39 мемлекет қатысты. Тамыз айында әлемнің 10 елінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылған байрақты бәсеке еліміздің Жамбыл облысында да өтті. Қазақстанның Қарулы Күштеріне артиллериялық қарудан оқ ату, әскери техникаларды басқару, т.б. жарыстарды өткізу тапсырылды. Әскери қызметкерлердің қабілетін дамытып, осы саладағы жаңашылдықтарды бағамдауға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға арналған ауқымды шарада қазақстандықтар 16 спорт түрі бойынша өнер көрсетті. Солардың арасында Диас та бар.

— Хромтау ауданына қарасты Көктөбе ауылында туып-өстім. 2008 жылы Көкшетау қаласында әскери борышымды өтедім. Сол жақта көлік жүргізуге мамандандым. Өйткені мектеп бітірген бойда көлік жөндеу орталығында бірнеше жыл жұмыс істеген едім. Әскердегі бір жыл лезде өте шықты. Көп ойланбастан өмірімді осы саламен байланыстырамын деп шештім. Сөйтіп, 11 жылдан бері Қарулы күштер сапында қызмет етіп келемін.

Алғаш рет әскерилер арасындағы ірі жарысқа өткен жылы қатыстым. «Отар» гарнизонында ұйымдастырылған халықаралық ойында командамызбен әскери көліктерді басқарудан жарысқа түстік. Топтағы 21 адамның арасында жалғыз ақтөбелікпін. Бұрын-соңды елішілік сайыстарда бір-бірімізді көріп жүрген соң тез тіл табысып кеттік. Әрі мүддеміз бір — жеңіске жету. Бабымыз бен бағымыз қатар шауып, командамыз I орынға лайық деп танылды. Сол кезде қуанышымыз қойнымызға сыймай, бәріміз мәз болдық. Осындағы жұмыстастарым құттықтап, өзімнен кіші жігіттер ерекше қызығушылық танытты. Олар да енді қатысып көргісі келеді, — дейді ол.

МТ-ЛБ, танкі, өзге де әскери көліктерді жүргізіп әрі жөндейтін, бұны қатарға енді қосылғандарға үйрететін Диас бүгінге дейін әскерилер арасында волейбол, баскетбол ойнаудан да жарыстарға қатысқан. Дей тұрғанмен, 31 жастағы аға сержант жоғарыда аталған ойындардың орны бөлек екенін айтады.

Өз кезегінде әңгімелесушіміз әр ер адамға әскери қызметте болу — үлкен абырой деген пікірде. Сол үшін болашақта балаларының біреуі жолын қуғанын қалайды.

— Мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Егер әскери ретінде жағдайымыз нашар болса, осы салада еңбек етпес едім ғой. Бәрі жақсы. Ең бастысы, тұрақтылық бар. Алла жазса, балаларымның біреуі ізімді жалғастырса деймін. Ол үшін кішкентайынан ұлымды баулып, интернатқа бердім. Қазірден-ақ әскери қызметкер болатынын айтады, — дейді үш баланың әкесі Диас.

Биыл «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша үй алуды жоспарлап отырған аға сержант 7, 9 мамырдағы мерекелерді ерекше жақсы көретінін баян етті. Себебі бұл атаулы күндерде әдетте әскерилер қызметтік киімімен мерекелік шеруге қатысады, бәрі сап түзейді… «Әріптестерімнің көшеде қаз-қатар тізіліп келе жатқанының өзі әдемі көрініс емес пе?» — дейді сөз арасында әңгімелесушіміз. Әсіресе, оның маңыздылығы биыл ерекше сезілді…

Лайым, әскерилердің бейбіт күндегі шеруін, кәсіби даярлығы мен техникасының жағдайын келер жылы көруге жазсын. Диастың да тілегі сол.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button