Жеңіс

Үш соғысқа қатысқан жауынгер

Балмұхан Сейтпанов — 1939-1945 жылдары, бас-аяғы алты жылда басынан үш соғысты өткеріп, елге аман-есен оралған адам.

1939 жылы әскер қатарына шақырылған науша жігіт Балмұхан Сейтпанов осы жылдың қарашасында басталған фин соғысына қатысады. Бір жыл соғыста болған ол елге оралуды армандап жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Черново деревнясында 552-атқыштар полкі құрамында болған ол майданда өз взводымен шайқасқа түседі. Бұл жерде бүкіл Одақты сіріңкемен қамтамасыз етіп отырған үлкен зауыт орналасқан. Соғыстың ауыр жылдарында тұз бен сіріңке ең қажетті дүние болғанын ескерсек, осы шайқастың да маңызы арта түскендей болады.

Жауынгер Балмұхан Исатайұлы туралы қолымызға түскен деректер көңіл көншітпеді, сондықтан соғыс мұрағатын біраз ақтаруға тура келді. Сол кезде байқағанымыз, жерлесіміз Ұлы Отан соғысы тарихында ерекше аталатын шайқастар, атап айтсақ, Ленинград шайқасы, ІІ Украин майданы, атақты Балатон көліндегі ұрысқа қатысқан.

Балатон көліндегі шайқас кеңес әскерлерінің соңғы ірі қорғаныс операцияларының бірі болып, «Көктемгі ояну» деген атпен тарихта қалып, соғыс тағдырын шешкен шайқас болғаны белгілі. Осы шайқаста жерлесіміз ауыр жарақат алады.

Балмұхан Сейтпанов Украина, Молдавия, Венгрия, Польша жерлерін фашистік немістерден азат етуге қатысады. Жапон соғысына да барады.

1946 жылы елге оралған солдат өзінің туған ауылына бармай, Алға қаласына оралады. Зейнетке шыққанша  аудандық қаржы бөлімінде, техникалық түгендеу бюросында еңбек етеді. Зейнетке шыққаннан кейін де Алға химия зауытында ауысым бөлімінде күзетші болады. Кейін су цехында жұмыс жасайды. Ардагер 2003 жылы 14 тамызда дүниеден өтті.

Алға мұражайынан табылған деректер арасында бізді бір сурет елең еткізді. Ол — өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Сарыағаш» шипажайында демалған ардагердіңКеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлымен түскен суреті. Елдің есінде сұстылығымен, туралығымен, бірбеткей мінезімен қалған батыр Бауыржан Момышұлы қарапайым гвардия солдатының жанында жүзінен мейірім төгіліп, жайдарлана қалыпты. Қос ардагер әлденені қызу талқылап отыр. Бәлкім, олар соғыс шарпыған жалынды жастық жылдарын, не соғыс даласынан оралмаған шейіттерді еске алған болар?!

Мұражайдағы деректерден білгеніміз, Балмұхан Сейтпанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарын алған. Сондай-ақ қолға түскен тың деректен білгеніміз,майдангер 1945 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл орден туралы құжат ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайында сақталған.

Айта кету керек, Балмұхан Сейтпанов қазіргі Темір ауданының Қызыл ту ауылында 1919 жылы дүниеге келген. Алайда темірлік азаматтар аудан тарихында мұндай елдімекеннің болмағанын айтады. Деректерге сүйенсек, майдангер онжылдық мектепті бітірген соң (шамамен 1937-1938 жылдары) Темірде мектепте мұғалім болған.

Шара Елеусіз,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button