Жеңіс

Қасенғали немесе соғыс күйреткен тағдыр

Темір аудандық «Социалистік майдан» газетінің әдеби қызметкері, редакторы (1932-1941жж.), Темір қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты (1939 ж.) болған 62-армия 124-атқыштар бригадасы 1-ротаның саяси жетекшісі, лейтенант Қасенғали Әлекенов (1914-1942 жж.) 28 жасында Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты. Артында ізі қалмаған, туыстары да ұмытқан боздақты немере келіні Гүлзада Әлекенова 2003 жылдан бастап іздеп, Ақтөбе облыстық мұрағатынан өз қолымен жазған өмірбаянын тапты. Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағатта бірнеше күн отырып, Сталинградтың Баррикада жұмысшы поселкесі үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанын анықтап, тапсырылмаған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тапты. Волгоградқа барып бауырластар зиратынан жерленген орнын да іздеді. 1940 жылы туған ер баласынан туыстарының көз жазып қалғанын естіген Гүлзада Андрей Қасенғалиұлын іздеп, жан-жаққа сұрау жіберді. Тағдыр аямаған Қасенғали Сырымұлы Әлекеновтің тағдыры – Кеңес өкіметінен қуғын көрген тұтас  ұрпақтың тағдыры.

Отбасы құпиясы

Гүлзада 1974 жылы Әулиеатадан Шұбарқұдықта тұратын Әлекеновтер отбасына  келін болып түседі. Балалы-шағалы отбасы, енесі Жібек 45 жасында қайтыс болған. Үйде  80-нен асқан  үлкен әже Салиха Гүлзада келін болып түскеннен кейін екі жылдан соң қайтыс болады. Бір күні әже сандығынан Андрей Қасенғалиұлы Әлекенов деп жазылған  туу туралы куәлік тауып алып, «бұл кісі кім?» деп күйеуі Таңжарбайдан сұраса, ол ештеңе білмейді. Атасы Бақытжан да жарытып ештеңе айтпайды. Жас келін осы әулеттің Қасенғали есімді үлкен ұлы болғанын, одан Андрей есімді бала қалғанын түсінеді. Салиха әже сандықтың түбіне жасырып, жарты ғасыр құпия етіп ұстаған куәлікті Гүлзада Ақтөбеге  көшкенде ала кетеді.

Гүлзада айтады:

«Андрейдің туу туралы куәлігіндегі әкесі –Қасенғали, шешесі –Балзия  деп жазылуы ағамыздың отбасын табуға міндеттегендей болды. Үлкендерден сұрастырдым. 1996 жылы Раушан апамыз Сырымның бірінші әйелі –Әзизадан туған Қасенғали ағамыздың тура сөйлейтін, өте әділ, мінезді адам болғанын айтты. Сырым атамыздың төрт түлігінің саны шамамен кеңес заманындағы біркеңшардың малымен тең екен. Атақонысы — Темір ауданының бұрынғы «Қонжар» кеңшарының Қарабала сайы болса да, көбіне Үстірттің Жем бетін жайлаған көрінеді. Ол Үстірттен Қарақамыс жәрмеңкесіне малын сату үшін ғана түскен. Екі әйелі болған. Бәйбішесі –Әзиза. Екінші әйелі Салиха әжеден біздің атамыз Бақытжан туған. Сырым Әлекенұлы 1928 жылы Қарабала сайындағы жерін өкіметке өткізген. Қонжардағы үйі де колхоздың тұқым сақтайтын қоймасына айналады. Өзі «Қонжар»ұжымшарына мүше болып кіргенімен, қудалаудан көз ашпаған соң, Самның бойында жасырынып жүреді. Темірдегі үйіне  жасырынып келіп жүргенін аңдыған милиция жасағы бір күні түнде атамызды үйден ұстап, Әзиза әже екеуін арбаға байлап алып кетеді. Үйде Салиха әже 1,3,5 жастағы үш баласымен жалғыз қалады. Бұл 1934 жылдың аяғы деген Раушан апамыз. Сол кеткеннен жоқ болған. Кейін екеуін Темірдің жанындағы Ақжар кірпіш зауытына апарып, атып тастады деп естиді. Үйдегі қалған малын түгел айдап кетеді. Бұл кезде Темір қаласындағы жетіжылдық орыс мектебін бітірген 16 жастағы  Қасенғали ағамыз да бай баласы деп түртпек көреді».

Гүлзада құқық қорғау органдарына өтініш жазғанымен, Сырым мен Әзиза Әлекеновтердің қуғынға ұшырағаны туралы дерек жоқ деген жауап алды.

Қасенғали қасіреті

Темірдегі  жетіжылдық орыс мектебін бітірген Қасенғали бай баласы ретінде қуғындалып, комсомолдан шығарылған. Әрі қарай жоғары білім алуына мүмкіндік берілмеген, жұмыстан да шығарылған. 1932 жылдың қаңтарында Қызылордада алты айлық медициналық курста оқиды. Оның редакцияға келуіне Жиенғали Тілепбергенов себепші болған.

1929 жылы Қазақ АССР астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып, «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясы да түгел көшкенде, осы басылымның әдеби қызметкері Жиенғали Тілепбергенов денсаулығына байланысты әріптестеріне ілесе алмайды. Ол Қызылордада ашылған «Сыр бойы» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып, екі жылдай жұмыс істегенімен, өкпе дерті қайта қозады. Содан 1931 жылдың соңында Темірге көшіп келіп, «Социалды майдан» газетінің редакторы болып тағайындалады. Қасенғали 1932 жылдың шілдесінде Қызылордадан 6 айлық медициналық курсты бітіріп келген бойы «Социалды майданға» корректор болып жұмысқа кірген. Кейін газеттің әдеби қызметкері, 1939 жылы редакторы болған.

Ауру мен аштықтан белгілі жазушы, журналист Жиенғали Тілепбергенов 1933 жылдың 11 сәуірінде Темірде қайтыс болды. Бұл кезде Қасенғали Темір аудандық милициясына үш ай сайын келіп, белгіленіп тұруы тиіс болатын. Әрі оған  милицияның рұқсатынсыз Темір қаласынан шығуға болмайтын. 1938 жылдың соңына дейін  оған маза бермеген. Ылғи өзін-өзі ақтаумен, өзін-өзі дәлелдеумен жүрген. Партияға өтуіне кедергі туғанда, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Иночкинге өзі шағымданып қана соңына түскендерден құтылады.

1939 жылы ол Темір қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған. Осы жылдары ғана еркін жұмыс істей бастаған. Бәлкім, 1940 жылы дүниеге келген тұңғышына Андрей деген есімді қиын уақытта тағдырына ара түскен орыс жолдастардың құрметіне қойса керек.

Соңғы ерлік

«Социалды майдан» газетінің редакторы Қасенғали 1941 жылдың тамызының соңында өз еркімен майданға аттанады. Уфада кіші командирлер курсында дайындықтан өткен соң 62-армияның 124-дербес мотоатқыштар бригадасының құрамында Сталинград майданына жіберілді. 1942 жылдың 27 қарашасында 1-ротаның саяси жетекшісі, лейтенант Қасенғали Сталинград қаласының  Баррикада жұмысшы поселкесі қорғанысында ерлікпен қаза тапты.

«Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-медициналық мұрағатқа сұрау салдым. Ол жақтан келген жауапта ағамыздың 1942 жылдың 23 қарашасында аяқ-қолы, кеудесінен жараланып, Еділдің сол жақ жағалауында шайқас даласында жатып қалып, 27 қарашада Сталинградтың Заплавное поселкесіндегі әскери госпитальге жеткізілген бойы қайтыс болғаны  жазылған», — дейді Гүлзада Әлекенова.

Гүлзада  Подольск қаласынан Сталинградтың Баррикада поселкесі үшін шайқастағы көрсеткен ерлігі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау  бұйрығын тапты. Алайда медаль иесіне жеткізілмей, сол күйі мұрағатта қалған. Осы жерден 124-дербес аттқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлері — Қаналин Қалтөре (1913-1943), Шұлқаев Ералы (1907-1943), Жылқыбеков Сағи (1914-1942) туралы деректерді көрді. Бұлар — Темір аудандық әскери комиссариатынан соғысқа шақырылғандар.

Андрейді іздеу

Журналист Мирал Джармұхамбетов Андрейді іздеп, бірнеше рет мақала жариялады. Тым-тырыс. Облыс аудандарында болса, бұл кісілердің дерегін білетін жан болар еді. Ендеше Балзия баласымен басқа жаққа көшіп кеткен деген  ой да келді. Сөйтіп жүргенде Ұлттық Банктің Ақтөбе олыстық бөлімшесінде бірге жұмыс істеген Нұрлан «Байғаниннің Жарлысында Андрей есімді аға тұрады. Жасы да сіз іздеп жүрген ағаймен шамалас» деген дерек айтты. Мирал 2007 жылдың жазында Андрей ағайға телефон шалды. Ол кісі «Мен сіздер іздеп жүрген адам емеспін. Туған жерім, туған жылым, әкемнің есімі де, руым да сәйкес келмейді» дегесін тосылып қалды.

2015 жылдың 26 сәуірінде Жарлыға Таңжарбай мен Гүлзада Андрейді іздеп барады. Бірақ бұл кісі ақпанда ғана қайтыс болған екен. «Әйелі Светаға, балаларына көңіл айтып біраз отырдық. Сөйтсе, бұл кісі Түрікменстанның Ташауыз облысында туып, Байғанинге 1994 жылдары көшіп келген. Анасының есімі Балзия емес, бірақ анасының 1920 жылы туған Балжан есімді апасы болған. Қасенғалидың туған анасы Балзия да 1920 жылы туған. Андрей ағамыздың фотосуреттерін, әке-шешесінің, өзінен 12 жас кіші інісінің суреттерін қарадым. Қасенғали ағамыздың мұрағаттан тапқан фотосымен салыстырдым. Ұқсастық көп. Андрей ағай да ұзын бойлы, қайратты, келбетті кісі екен. Әсіресе, маңдайының орайы ағамыздан аумайды. «Андрей ағамыздың сәл оңға қарай маңдайында орайы бар еді» деп айтты бізге сол үйдің келіні. Алайда артық-ауыс ештеңе дей алмай, үйімізге қайттық», — дейді Гүлзада. Қасенғали Сырымұлы Әлекеновтен қалған Андрейді іздеу де  де осымен аяқталды…

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button