Жаңалықтар

Акция жалғаса береді

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің инстаграм желісінде аталған кеңсенің басшысы Жанболат Тұртаевтың Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловпен сұхбаты тікелей эфирде көрсетілді. Шара барысында партия өкілі еліміздегі төтенше жағдай кезінде мұқтаж азаматтарға қолдау мақсатында іске асырылып жатқан «Birgemiz»акциясы туралы мағлұмат берді. 

— Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету жөнінде Үндеу жариялаған болатын. Соған сай «Birgemiz» атты қор ашылған-ды.

Жалпы, біздің партия алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды.

«Birgemiz» қоғамдық қорынан берілген көмек өңірімізде«Біргеміз-Ақтөбе» қоры арқылы жүзеге асырылып отыр. Бүгінге дейін аталған қордан өңірімізге екі рет, яғни екі траншпен қаржы аударылды. Бірінші транш кезінде қала бойынша 7 санатқа кіретін 7894 адамға көмек көрсетілді. Олардың қатарында көпбалалы аз қамтылған отбасылар, І топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізіміне кіретін жасы бойынша зейнеткерлер, жетім балалар, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген  мүгедектер және тыл еңбеккерлері бар.

Екінші транш бойынша көмек көрсету 27 сәуірде басталды. Ақтөбе қаласындағы 10 557 адам 50 мың теңгеден жәрдемақы алды. Олардың қатарында 2,3-топтағы мүгедектер, қалалық жұмыспен қамту орталығында 1 сәуірге дейін жұмыссыз ретінде тіркелген аз қамтылған отбасы мүшелері де бар. Олар бұған дейін мұндай көмекті алмаған болатын. Қазір ақша барлық мұқтаж адамдардың шоттарына түсті. Бұл акцияны тоқтатпаймыз, ол жалғасатын болады. Айта кетейік, коронавирус індеті облыста көбіне Ақтөбе қаласында тіркелгендіктен, негізінен облыс орталығындағы тұрғындар көбірек қиналып қалғандықтан, қолдауға негізінен ақтөбеліктер зәру деген шешім қабылданды. Алдағы уақытта аудандардың, ауылдық округтердің тұрғындарына да қолдау көрсету жөнінде орталыққа өз ұсыныстарымызды жолдадық. Егер қордан үшінші рет, яғни үшінші траншпен қаржы бөлінетін болса, бұл мәселе қарастырылатын болады. Айта кетейік, 50 мың теңге көлеміндегі қолдау мұқтаждарға бір рет қана беріледі, — деді Ербол Данағұлов. 

Е.Данағұлов Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін құрметтеу, олардың ерлігін ұлықтау мақсатында партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды:

—  Ұлы Отан соғысына Қазақстанның 1 миллион 200 мыңнан астам ұл-қызы қатысты. Әрбір екінші отандасымыз майданнан оралмады. 530 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Ұлы Отан соғысының тағы 9 қатысушысына «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен желісідаңқты қаһармандарымыздың ерлік тарихы таңбаланған 70 деректі фильмнен тұратын кинотуындылар түсірілген болатын. Бұл үшін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында ауқымды архив материалдары жинақталды. Сонымен бірге мұнда майданнан жазылған хаттар мен жеке жазбалар да қамтылды. Қазір ол фильмдер телеарналарда көрсетіліп жатыр. Партия ардагерлерімізге ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Олардың ерлігі мен өмір жолын ұлықтау жұмыстары да үзілген емес. Биыл партия тарапынан «Қаһарман» атты челлендж бастау алды. Бұл челлендж аясында тұрғындар соғысқа қатысқан аталары, әкелері туралы әлеуметтік желілерге жазбалар, бейне-фотосуреттер жариялай алады. #Qaharman челленджін 4 мамыр күні филиалдардың басшылығы, ірі бастауыш партиялық ұйымдардың төрағалары бастады. Төтенше жағдай кезінде ата-әкелеріміздің өмірі мен ерлігін осылай насихаттауды жөн көрдік, — деді ол.

Партия өкілі жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік азық-түлік пакеттері үлестіріліп жатқанын, басқалай да көмектер беріліп жатқандығын айтты. Ол осындай көмек-қолдау көрсетуде белсенділік танытып жүрген Jas Otan еріктілері мен белсенді нұротандықтарға, көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button