Жаңалықтар

Кәсіпкер ауылына 1 млн теңгенің жабдықтарын жіберді

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкер азаматтар қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Солардың бірі — «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» ЖШС директоры Қайрат Қойлыбаев.

Кәсіпкер туған жері Қарабұтаққа жиі келіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып тұрады. Бұған ауыл тұрғындары куә. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар қиын жағдайға тап болған кезде Қайрат Әлібиұлы қарап қалмады. Кәсіпкер көлемі бір миллион теңге тұратын медициналық қорғаныс құралдарын жіберді. Оның ішінде бетперде, антисептик, қорғаныс костюмі, хлорамин, аккумуляторлы дезинфекциялық ранец, дәрі-дәрмектер бар. Қазір бұл бұйымдар Қарабұтақ, Белқопа, Еңбек ту, Жарөткел ауылдарындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылып жатыр.

  • Ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар қай уақытта да туған жерін ұмытқан емес. Оның ішінде Қайрат Қойлыбаев туралы көп айтуға болады. Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын 20 миллион теңгеге «Әкелер саябағын» ашты. Қазір бұл саябақ тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Балаларға арналған алаң, субұрқақ бар. Сондай-ақ хоккей алаңын салып берді. Жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек алып береді. Жазда демалыс лагерьлеріне жібереді. Биыл да ауылдың ішіне біраз шаруа жасамақ ойы бар. Қазір карантин болғандықтан ол жұмыстар кейінге шегеріліп тұр, — дейді Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахманов.

Қазір кәсіпкер берген көмектің бір бөлігі таратылды. Оның ішінде дезинфекциялық сұйықтықтар халық көп жиналатын ғимараттарға беріліп жатыр. Көшені залалсыздандыратын құралдар да тиісті мекемелерге жіберілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button