Тарих

Ұлт мұратын ұғынған

Осыдан бес жылдай уақыт бұрын Шұбарқұдық ауылында  қазақтан шыққан діни қайраткер Досжан хазірет Қашақұлының 200 жылдығы атап өтілді. Сол тойдың аясында өткен ғылыми конференцияда сөз алған республикаға белгілі журналист Құтмағамбет Қонысбаев: «Тағдыр тәлкегімен өз тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ жұрты ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қолы жетіп, бүгінгі тәуелсіз мемлекетін құру үшін мыңдаған жылдар бойы күресіп келді. Сол күреске ел басқарған хан-сұлтандар мен би-болыстар, батыр-бектер ғана емес, ұлтымыздан шыққан ұлы ойшылдар мен діни ағартушылар, рухани көсемдер де үлкен үлес қосты. Сондай аталарымыздың бірі емес, бірегейі – бүгін туғанына 200 жыл толуына орай арнайы ас беріліп жатқан Досжан хазірет Қашақұлы!

Олай дейтініміз, бүкіл ел көлемінде 550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығының бастауында тұрған Жәнібек ханның ұлы Қасым хан бабамыз: «Ұрпағымыз иманды болып өсуі керек» деп, осы бағытта көзі ашық, көкірегі ояу діндар адамдарға үлкен міндеттер жүктеген екен. Бұдан қазақ мемлекеттілігінің тарихында қоғамның діннен алыстамағанын көреміз. Досжан Қашақұлының иманды ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз екеніне ешқандай күмәнім жоқ!» – деп, ұлт тарихындағы рухани тұлғаның еңбегін және біздің бабаларымыздың дінге деген көзқарасын анық айтып берді.

«Жақсы — көпке ортақ» дейді халқымыз. Ендеше, бүгінгі күні алпыс жасқа толып отырған, ел сөзін сөйлеп жүрген абзал азаматтың мерейлі сәтінде ол туралы жылы лебіз білдіргеннің артықтығы болмас.

Өзінің тура айтатын өр мінезімен кейінгі буын үшін үлгі болатынҚұтмағамбет Талапбайұлы Қарақалпақ жеріндегі Қызылқала ауылында қарапайым тракторшының отбасында дүниеге келеді. Ол ес білгеннен оқу-білімге құштар болды. Оның үстіне әріп таныған кезден-ақ нағашы ата-әжесі Сейдабұлла қожа мен Бибіқұрбан кейуана талапты балаға ерлікке баулитын «Қобыланды», «Алпамыс», т.б. батырлар жырын дауыстап оқытып,  тыңдайтын болған. Соның да әсері шығар, осы күнге дейін ол жыр оқығандай төгілтіп, мүдірмей және қатты сөйлейді. Бойындағы батылдық та сол батырлар туралы көп оқығандықтан шығар. Есейе келе соғыс туралы кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Сонан да болар, шығармашылыққа жақын болады. Қазақ әдебиетінен дәріс берген Рахима Косова апайы оның жазған шығармаларын жоғары сыныптың оқушыларына үлгі етеді екен.

Орта мектепті ойдағыдай бітірген ол Тахиаташ қаласындағы жүргізушілер даярлайтын курсқа түседі. Одан соң әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтейді.

Әскерден келгеннен кейін Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Онда Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Қадыр Мырзалиев, Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Серғалиев, Шәкір Ыбыраев сынды ұстаздардан тәлім алады.

Университетті бітірген бойда «Совет Қарақалпақстаны» газетіне жұмысқа орналасады. Кәсіби біліктілігінің арқасында редакция меңгерушісі, бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Ең бастысы, жігерлі журналист, белсенді де ұлтжанды азамат ретінде осы республикада қазақ тілінде газет-журналдар, ансамбль, театр, радио-телехабарларын ашу, қарақалпақ, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ сыныптарын ашу сияқты мәселелерді көтеріп, оны айтудан жалықпайды.

Ақыры дегеніне жетіп, 1990 жылы желтоқсан айында Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы құрылды. Оған да Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовке сұрақ қойып, оңды шешілуіне тікелей ықпал етті. Нөкіс қалалық атқару комитетінің төрағасы Сапарбай Нұрқожаев  жаңа ұйымның төрағасы болып сайланды. Ол өзіне орынбасарлыққа әр іске өте жауапты қарап, тап-тұйнақтай тындыратын Құтмағамбет Қонысбаевты таңдады. Сөйтіп, 1991 жылдың 19 ақпанынан ол қоғамдық ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Жаңа қызметке кірісуден ол қазақ тілінде газет шығаруды қолға алды. Сол жылы 14 қазан күні Қарақалпақстан тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде шығатын «Достық үні» газетінің ресми тіркеуден өткені жөнінде №534 куәлікті қолына алды. Алматыдан атақты күйші Рақым Тәжібаев жетекшілік ететін «Самал» ансамблін шақыртып, осы ұжыммен бірге 40 күн бойы ел аралап, жаңа газеттің дүниеге келгенін жариялап, қандастарынан жаппай жазылуларын өтінді. Еңбегі зая кеткен жоқ, айналасы екі айда қазақ тіліндегі тұңғыш газетке 5 мың оқырман жазылды.

Арнайы жүк көлігімен Алматыға келіп, Қазақстанның сол кездегі Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтановқа кіріп, су жаңа «Н-14» линотип машинасын әкеледі.

Қазақша газеттің жарыққа шығуымен мұндағы халықтың үштен біріне жуығын құрайтын қандастарымыздың еңсесі көтеріліп, рухани азық ала бастады. Газет көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Көп ұзамай шағын кітаптар шығарылды. Олардың алғашқылары 1993 жылы шыққан ән-күйге жақын қандастарымыздың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған, кең таралған 80 ән енгізілген «Қазақ әндері» жинағы мен «Асау-Барақ» жыры болды. Өйткені сол жылы Байғанин ауданында Барақ батырдың туғанына – 250, Асау батырдыңтуғанына 230 жыл толуына орай үлкен той өтетін еді. Барша қазаққа ортақ бабалардың осынау тойларына бесқалалық бауырлардан тарту ретінде Құтекең осы кітапты шығарудың басы-қасында болды. Себебі атақты жырау Алдаберген Тасқынбаев атамыз жырлап, тұңғыш рет күйтабаққа жаздырса да, осы күнге дейін бұл жырдың толық нұсқасы әлі кітап болып шықпаған еді.

Қарақалпақстанда тұратын қандастар Республика Жоғарғы Кеңесінің сол кездегі комитет төрағасы Шаудырбай Салиев, Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Сапарбай Нұрқожаев, «Өзбекстан теміржолдары» акционерлік қоғамы Арал жағалауы бөлімінің басшысы Тыныштық Темірбаев және Дәуімшар Ожыраев, Дәулет Жұмабаев, Мүсірен Қиынбаев сияқты ұзақ жыл басшы қызметтерде болған ардагер ақсақалдарымыздың Өзбекстан Республикасы басшыларынан сұрап, рұқсат алуларының арқасында арнайы пойыз қойылып, осы тойға барып қайтты. Тойдың басынан аяғына дейін,Қарауылкелдіге барып келгенше, Құтекең үлкен қара сөмкесіне салып алып, әлгі екі кітапқа қоса асқа арнайы шығарылған «Достық үні» газетінің мерекелік нөмірін қосып, кәдесый жиынтығын жасап таратқаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Бұдан басқа да талай ас-тойлар өтті. Қосай атамыздың, Ер Қармыс, Балуанияз батыр, Тұрыш ишан, Ер Шабай бабаларымыздың ерліктері, ел үшін еткен істері ұлықталды. Оларға арнап та кітаптар, арнайы мақалалар жазылды. Бәрінің де басы-қасында ел ағалары, ұлтын сүйген, батыр бабаларының ерліктерін ұрпағына үлгі еткен ұлтжанды азаматтар болды. Құтекең жақсы істің жаршысындай солардың ең алдында жүрді. Одан өзі де шабыттанды, айналасындағы жұртты да рухтандырды.

Құтмағамбет ағаның Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 1993 жылы 17 желтоқсанда өткен тұсаукесер салтанатында, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында: «Жұрттың бәрі сыйлық тапсырып жатса, маған сыйлық сұрауға тура келіп тұр»– деп, сондағы бір қауым елдің қамын ойлап, еншісі бөлінбеген туыс елдің ортасында жолаушылар пойызының ашылуын, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы  бағдарламаларының толық көрсетілуін, жастарды Қазақстанның орта және жоғары оқу орындарына көптеп қабылдау қажеттігін батыл айтып, мәселе көтеруін бесқалалықтар әлі күнге аңыз қылып айтады.

Құтекеңнің кімнің алдында болса да қаймығып қалмайтынын және әрқашан жалпы көптің, бүкіл елдің  мұң-мұқтажын ортаға салатынын жан-жағындағылар жақсы біледі. Ол  айналасындағы адамдарға осы қасиеттерімен қадірлі, сол үшін оны ағайын-туысы, жора-жолдастары, әріптестері ерекше құрметтейді.

Ағамыздың атажұртқа оралуы да қызық. Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары, республикалық «Достық үні» газетінің бас редакторы болып істей жүріп, Ташкент, Алматы және басқа қалаларда өтетін жиындарға жиі қатысты. Жай ғана қатыспай, әр сапарында жиырма-отыз ағайынның құжаттарын Ташкенттегі Қазақстан консулдығына, Алматыдағы Көші-қон агенттігіне тапсырып келіп жүрді. Сөйтіп, қандастарымыздың көптеп көшіп-қоныстануына да сүбелі үлес қосты. Тіпті бір сапарында Қарағанды, Жезқазған, сол кездегі Целиноград, Торғай облыстарын аралап, ағайындарды бір-бірінен бөлмей, топтап қоныстандыру үшін арнайы барып қайтқаны бар.

Сөйтіп жүріп 2001 жылы қараша айының соңында Ташкентке келсе, Қазақстанның консулы Жошыхан Қыраубаев: «Алып келген құжаттарыңыздың ішінде өзіңіздікі бар ма?» – деп сұрап алады да, қолына жарты бет хат жазып беріп, «Тездетіп Талдықорғанға жетіңіз», – дейді. Бірнеше күн жол жүріп мұнда келсе, Алматы облыстық көші-қон басқармасының  басшысы Зиядин Мыңбаев: «Міне, үйді «қазағым, халқым» деп шырылдап жүрген осындай жігіттерге беруіміз керек қой!» – деп, Алматының іргесіндегі Талғар қаласынан үш бөлмелі пәтер берілетінін айтады.

Енді, міне, 30 жылдай уақытта алыс-жақын шетелдерден 1млн 54 мыңнан аса қандасымыз Қазақстанға қоныс аударды, ресми мәліметтерге сәйкес, соның 62,5 пайызы туысқан Өзбекстаннан десек, оның тең жартысы немесе 300 мыңдайы бір ғана Қарақалпақстаннан. Осы ұлы көшке де Құтмағамбет ағамыздың қосқан үлесі айтарлықтай.

Атажұртқа келген соң бірнеше жыл кәсіпкерлікпен айналысып, төл кәсібіне қайта оралған оның журналист ретіндегі қызметі де айтуға тұрарлық. Этностық көштің тұралап қалуына байланысты республикалық «Заң» газетінің бірінші бетінде басылған «Бұл саботаж емес пе?!», жекешелендіру ісіндегі  тәртіпсіздіктерге байланысты «Масқара, мешіт сатылады!», «Экономика», «Айқын» газеттерінде істеген кездерінде  журналистік зердесінен туған талай танымдық, сараптамалық және сын мақалалары оның нағыз халықшыл журналист, ұлтжанды азамат болып қалыптасқанын көрсетсе, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының белсенді мүшесі, «Ұлт мұраты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде түрлі іс-шараларға  қатысып, ұлт мүддесі тұрғысынан ұтымды ойларын ортаға салуы нағыз қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілгенін айғақтайды.

Елдігіміздің мәртебесі биік тұруы қашанда осындай арынды азаматтарымыздың ортамызда ірі іс-қимыл жасап жүруіне байланысты. Ендеше Құтмағамбет ағамыздың алдағы уақытта да ұлт алдындағы ұлы мұраттарға жетуге қомақты үлесін қоса беруін тілейміз.

Байзақ ИСАҚҰЛОВ,

С.Бәйішев университетінің профессоры,

техника ғылымдарының докторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button