Жаңалықтар

Карантин талаптары сақталуға тиіс

Қазіргі таңда қаулыда көрсетілген бірқатар жеке кәсіпкерліктер өз жұмысын бастады. Алайда талапты орындамайтындар бар. Облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағанбетов тікелей эфир арқылы тұрғындар сауалына жауап берді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда індет жұқтырғандардың саны көбейіп барады. Сондықтан сақтық шараларына қатаң мән берілуі тиіс. Қазіргі күні қаладағы жеке кәсіпкерліктер кезең-кезең бойынша жұмысын бастап жатыр. Алайда бірінші кезеңге кірмейтін шаруашылықтар да жұмысын бастап кеткен. Әр мекеме қаулыда көрсетілген кезең бойынша жұмыс жасауға  тиіс, егер ол мекеме үшінші кезекте іске қосылатын болса, оның қазір жұмыс жасауына рұқсат жоқ.

Кәсіпкерлер осы талапты сақтауға  тиіс. Тағы бір айта кететін нәрсе, шаруашылық иелері қауіпсіздікке көңіл бөлуі қажет. Егер санитарлық талапты орындауға шамасы келмесе, оған қажетті бұйымдары жоқ болса, онда дайындалып барып іске қосылуы керек. Ең бастысы —індеттің таралуына жол бермеу, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол карантин талаптарының барлығы сақталуы керектігін, тұрғындардың алаңсыз көшеде қыдыруына болмайтынын ескертті. Төтенше жағдай мерзімі аяқталған соң да тұрғындар бұрынғыдай жүре алмауы мүмкін. Барлық шара облыстың эпидемиологиялық жағдайына байланысты жүргізіледі.

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы  Ардана Саймағанбетовтың айтуынша, облыста 1329 құқықбұзушылық анықталған.

Кейбір қызмет көрсету орындары ашылғанымен карантин талаптарының барлығы қатаң сақталады, яғни ешқандай жеңілдік жоқ. Блок-бекеттер бұрынғыдай жұмыс жасап жатыр. Тиісті құжаты бар азаматтар ғана өте алады. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар осы мәселені әлі түсінбей жүр. Төртінші мамырдан бастап қала сыртына шығып, өзен жағасында демалған тұрғындар болды. Бұл дұрыс емес. Талапты сақтауымыз керек, — деді басқарма басшысы.

Тікелей эфирде тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Барлық сұрақтарға жауап берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button