Жаңалықтар

Енді Қобдаға кіреберісте жеміс бағы болады

Қобдалықтар жаппай жеміс ағаштарын егіп жатыр. Сәуір айының соңғы күндері аудан аумағында 1000-нан астам алма, шие, алмұрт ағаштары егілді. Сондай-ақ аудан орталығының көшелері қарағай, терек, көктерек секілді жас көшеттермен толықты.

Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қобдалықтар көктем шығысымен өлкенің өңін қайта қалпына келтіру үшін тазалық жұмыстарына белсене кіріскен. Қобданың орталығындағы саябақтар мен скверлерде сенбілік жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар да өз аулаларын қоқыстан тазартқан. Сондай-ақ Қобда ауылында тұратын 14 отбасы өз ауласына 100-ге жуық ағаш егіпті.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық қандай сөз айта аламыз. Елдегі індетті барлығымыз көріп отырмыз, дегенмен өзіміздің азаматтық міндетімізді де ұмыт қалдырмағанымыз жөн болар. Қобда тұрғындары осы бір кезеңде ауызбіршілік танытып, бірауыздан тазалық жұмыстарына белсене кірісіп жатыр. Мәселен, аудан орталығының тұрғындары бір-біріне бейнеүндеу арқылы эстафета жолдап, өз үйлерінің маңына жас көшеттер егуде, — дейді аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мағжан Байғабылов.

Бұдан өзге, Қобда ауданынан Ақтөбе қаласына қарай шығаберісте аудан әкімінің бастамасымен 150 түп жеміс ағашы егілсе, Егіндібұлақ ауылындағы «Бақыт ана» мешітінің ауласына кәсіпкер Жәнібек Анишев 30 түп алма, шие, алмұрт ағашын отырғызыпты. Ал аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Михаил Колесников атындағы көше 70 түп жеміс ағашымен толыққан. Сондай-ақ ауданның ауылдық округтері жалпы саны 700-ден асатын алма ағаштарын егіпті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button