Жаңалықтар

Ауызашар қоржыны мен зекет үлестірілді

Рамазандағы ізгілік

«Нұр Ғасыр» мешіті Рамазан айындағы пітір мен зекеттің есебінен және демеушілердің көмегімен осы күнге дейін 728 адамға 15 тонна азық-түлік үлестірді. Бұған 6 млн 200 мың теңге жұмсалды. Бұл туралы бізге облыстың бас имамы Төлеби Оспан айтып берді.

— Дәл бүгін тағы да 100 адамды ауызашар қоржынымен қамтамасыз етіп отырмыз. Оны мешіттің ерікті жастары өз көліктерімен әрбір отбасының үйлеріне жеткізіп беретін болады. Сондай-ақ, Рамазан айындағы қайырымдылық шараларының тағы бірі — зекет беру. Зекет беру 1млн 170 мың теңгесі бар адамға парыз болады. Осыны ұғынған мұсылман жамағаты сауабының көптігін ескеріп, Рамазан айында өздерінің зекетін есептеп, беруге әрекет жасайды. Бізге алдын ала өтініш білдірген кәсіпкер Ардақ Садақбайұлы бүгін 40 кісіге өзінің зекетін үлестіріп отыр. Зекеттің тағы бір шарты — зекет малын алып жатқаны анық, ашық болу керек. Себебі, бұл — парыз амал.

Зекет беру — тек мұқтаждықты өтейтін нәрсе емес, керісінше, берген адамды берекеге бөлейтін, оның малын еселендіретін Алланың парыз еткен амалы. Рамазан — жақсылық жасап жарысатын ай. Пайғамбар хадистерінің бірінде: «Өзі тоқ болып, көршісі аш жатқан бізден емес» дейді. Сондықтан біз мұсылман жамағатын, жағдайы жеткен елді осы іске шақырамыз, — дейді «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.

Кәсіпкер, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Ардақ Өтегенов:

— Көп жылдардан бері  Алла ризашылығы үшін қасиетті Рамазан айында отбасымның атынан зекет беріп келеміз. Былтыр да осы мешітте зекет бергенбіз. Мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше жәрдем етуге себепші боламыз. Бүгін зекетке арналған миллион теңгені 40 отбасыға бөліп беріп жатырмыз. Рақымы мол айда кәсіпкерлер мен жора-жолдастарды зекеттерін молырақ беріп, мол сауап жинап қалуға шақырамыз,  — дейді.

Зекет малын ақшалай алғандардың бірі — көпбалалы ана Алтынгүл Разақ.

— Төрт балам бар. Қасымдағы қызым сегізде, диагнозы — ДЦП. Кішкентайым жаста. Үлкенім 11 жаста. Біз «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында  қайнағамның үйінде тұрып жатырмыз. Оларда да төрт бала бар. Шүкір, балалы үй — базар. Әрине, өз үйің болғанға не жетсін?! Мешіттен шақыртқасын келдік. Қаншама адамға ақшалай көмектесіп жатыр, ұйымдастырушыларға рақмет, жақсылықтары Алладан қайтсын. Жомарт жандардың Рамазан айында тілеген дұға-тілектері қабыл болсын! — дейді көпбалалы ана алғысын жаудырып.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button