Жаңалықтар

Коммуналдық төлемге 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді

Тікелей эфир

Жексенбі күні  облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өтеген Үркімбаев тікелей эфирде тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Алдымен Руслан Хамбаров бүгінде облыс бойынша әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты екендігін айта келе, бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 153 жағдай тіркелгендігін атап өтті.

Тікелей эфирге хабарласқан тұрғындардың көпшілігі 42 500 теңгенің екінші айда қашан берілетіні, кейбіреулеріне бұл әлеуметтік төлем тағайындалса да, әлі күнге дейін неліктен есепшотқа түспегендігі, көп қабатты үйлердің аулаларында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілмегендігі туралы шағым айтты. Бұл сауалдарға Өтеген Үркімбаев:

  • Қазіргі таңда 1367 адамға есепшоты дұрыс болмауына байланысты, басқа да белгілі бір себептермен әлеуметтік төлем түспей отыр. Автоматты түрде анықтамалық хабарлама келсе, алдағы уақытта міндетті түрде қаржы аударылатын болады. Қосымша 704-405, 703-800 телефон нөмірлеріне хабарласып, білуге мүмкіндік бар. 42 500 теңге бойынша екінші төлем мамыр айында түседі, ол үшін қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ, — деді.

Ал дезинфекциялық жұмыстар бойынша Руслан Хамбаров хабарласқан көрермендердің мекенжайы жазылып алынғанын және бұл бағытта жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.

  • Елімізде төтенше жағдай кезінде көптеген әлеуметтік қолдау түрлері қарастырылды. Республикалық бюджеттен бөлінген 5567 теңге көлеміндегі көмекті алу үшін арнайы 7 санат белгіленді. Бүгінде бұл қаржы облыс бойынша барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың есепшоттарына аударылды. Банктердің қызметтеріне байланысты кешіктірілуі мүмкін.

Сондай-ақ көпбалалы аналар мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы алатыны белгілі. Сондықтан 42 500 теңге оларға тиесілі емес. Тағы да қайталап өтсек, бұл әлеуметтік көмек төтенше жағдайға байланысты уақытша жұмысы тоқтап, табысынан айырылған азаматтарға беріледі, — деді Бұлбұл Елеусінова өз сөзінде.

Тікелей эфирде бағдарламаға хабарласқан тағы бір көрермен:

  • 30 сәуір күні Есет батыр,108А мекенжайы бойынша біздің подъезді карантинге жапты. Бұл қашанға дейін созылады? — деген сауалын қойды.

Руслан Хамбаровтың айтуынша, аталған үйде вирус жұқтырған тұрғын анықталған соң, ол үй 14 күн карантинге  жабылады. Сондықтан тұрғындарды бұл шараларға түсіністік танытуға шақырды.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде коммуналдық төлемге төленетін 15 мың теңгеге қатысты көптеген сауалдар қойылды.

  • Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша коммуналдық төлемдерді өтеуге республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл бағытта негізінен 8 санат белгіленген. Бір ескере кететін жайт, 15 мың теңге тұрғындардың жеке есепшоттарына түспейді. Бірден коммуналдық қызмет мекемелеріне аударылатын болады, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Сонымен қатар бүгіннен бастап карантин режимін жеңілдету бойынша екінші кезеңі басталатыны және де ең бастысы, санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланатыны айтылды.

Бұдан басқа да бірқатар сауалдарға жауап берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button