Жаңалықтар

15 мың теңгені кімдер алады?

Тікелей эфир

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ержан Мұздыбаев пен «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары  Тимур Бабанаев жергілікті телеарнаның  ақпараттық сағат хабарында 15 мың теңгені нақты кімдердің алатыны туралы айтты.

Үкімет төтенше жағдай кезінде халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында халыққа бірқатар жеңілдіктер жасаған болатын. Соның бірі — коммуналдық төлемдер.Мұндай жеңілдікке облыстың барлық тұрғыны бірдей ие болмайды. Бұл карантин режимі енгізілген Ақтөбе қаласының тұрғындарына ғана тиесілі.Онда да мына санатқа жататындар үш ай коммуналдық төлемдерден босатылады: 1,2,3 топтағы мүгедектер, ерекше балаларды бағып отырған отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер,  Ауған соғысының ардагерлері, ең төмен зейнетақы алатындар, жалғыз тұратын зейнеткерлер, қоғамдық жұмыстар мен мемлекеттік қызмет кезінде қайтыс болғандардың отбасылары, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен көпбалалы отбасылар. Төлем алуға Ақтөбе қаласы бойынша 24 мың адам тіркелген. Ал аудандар мен ауылдарда карантин енгізілген жоқ. Сондықтан олар 15 мың теңгені ала алмайды. Бірақ жылу, газ, жарық тарифі қала тұрғындары үшін 20 пайыз төмендеген болса, ауылдықтар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Бұған дейін бекітілген заңға сәйкес коммуналдық төлемдерді тек өз атындағы үйі мен дербес есепшоты бар адам ғана ала алатын. Енді оған өзгерістер енгізіліп,  сол үйдің дербес есепшоты бар отбасы мүшелері де ала алады. Егер жоғарыдағы санатқа жататындардың ауылда үйі болып, қалада жалдамалы пәтерде тұрса, оған берілмейді. Сондай-ақ қалада үйі бола тұрып ауылда тұрса,ала алмайды. Пәтер үй иесінің дербес есепшотында тіркелуі тиіс.

Бір үйде 1-топтағы мүгедек пен Ұлы Отан соғысының ардагері мен оған теңестірілген адамның бірге тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда үйі тіркеуде тұрған бір адамға ғана беріледі.

Жоғарыдағы санатқа жататындар өтініш беру үшін «Aktobe.gov.кz» cайты арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп кіре алады. Ал зейнеткерлер мен интернет қызметін пайдалана алмайтындар халыққа қызмет көрсету орталығы мен жұмыспен қамту орталықтарынан біле алады.

Осыған байланысты кеңейтілген қызмет түрін ұсынатын боламыз. Қалалық жұмыспен қамту орталығында арнайы мамандар арқылы көмек ұйымдастырылады. Саяжайда тұратын тұрғындар көп. Олардың есепшоттары болмағандықтан саяжай ұжымының басшылығы арқылы рәсімдеп отырмыз. Алдағы уақытта мұны шешу жолдары жоспарланып жатыр. Тағы ескертемін. 15 мың теңгені тек карантин режимі енгізілген қала тұрғындары, оның ішінде жоғарыда айтылған санатқа кіретіндер ғана алады. Қазір тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, газ, жылу, кәріз суына төленетін түбіртектерді дайындаудамыз. Тұрғындар 1 айда тұтынған коммуналдық шығыны көрсетілген түбіртекті ұсынады. Егер коммуналдық шығынынан 15 мың теңге асып кететін болса, артығы келесі айға есептеледі. Қандай да бір түсінбестік туа қалса, түбіртектерде қызмет көрсететін мекеме мен мамандардың байланыс нөмірі жазылған. Соған хабарласып білуге болады, — деді  облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Е. Мұздыбаев. Бұрынғы «Трансэнорго» «Ақбұлаққа» қосылып, «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы болып бірікті. Бұл ұжым қазір жылу, су, кәріз сулары бойынша қызмет етеді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button