Жаңалықтар

Зекет беру — мұқтаж жандардың ақысы

Тікелей эфир

Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні де өтіп кетті. Төтенше жағдайға байланысты дін істері саласында қандай шаралар іске асып жатыр?  Осыған байланыстыоблыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев пен облыстың бас имамы Оспан Төлеби тікелей көрсетілім арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Облыстағы мешіттер ашық тұрғанымен жамағаттың бір жерге көп жиналуын болдырмау үшін жұмыс онлайн форматқа көшкен.  Бір айда 120 тікелей көрсетілім ұйымдастырылса, оның 53-і аудандарда өтті. «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы, аудандардағы діни орталықтарымен бірлескен түрдегі эфирлер облыс тұрғындарының діни сауалдарына жауап беруге арналды. Бұған жергілікті 8 теолог пен республикаға танымал 9 теолог тартылған.

Карантинге қарамай-ақ ораза кезінде адамдардың бір-біріне көмектесуі, қайырымдылық жасауы арта түспесе, кеміген жоқ. Карантин режимін бұзбау үшін «Ауызашар қоржыны» жасалды. Бұл — індеттің қаупін азайтып, сауап алғысы келетін жандар мен өз атынан ауызашар беру үшін ыңғайлы.  Демеушілердің, пітір садақа берушілердің қаржысы осы жерге жиналады да, мұқтаж жандарға таратылып беріледі.

Оразаның алғашқы аптасында «Ауызашар қоржынынан» 788 адамға  таратылып берілген азық-түліктің мөлшері 15 тонна болды. Бұған 6 миллион 200 мың теңге қаражат жұмсалған.

Әрбір ораза ұстаған жан оның талаптарын білуге тиіс. Бірақ қазіргі қоғамдағы жағдайға байланысты ораза тәртібін әрқалай түсінетіндер аз емес. Облыс тұрғындарының қойған сауалдары да көпке ортақ қағидалар.

Жастардың түсінігінде көбірек ұялап қалған әңгіме — оразаның басында, ортасында, аяғында 3 күннен ұстау ережесі. Ауыз ашқаннан кейін шылым шегу мен моншаға бару. Оразаны үзе тұру. Мешіті жоқ ауылдағы қарт кісілер пітір садақаларын қалай, қайда апарып береді? Зекет берудің амалдары. Қадір түнін қалай қарсы алу керек? Қайтқан адамды жерлеу тәртібі мен жаназасын шығару рәсімі қалай болу керек? Бұл сауалдарға облыстың бас имамы жауап берді.

Оның айтуынша, оразаны үш күннен ұстау қабылданбайды. Ол Рамазан айына дейін дайындық ретінде жасалатын амал. Алмоншаға барған адам әлсірейді, су жұтып қою қаупі жоғары. Үй жағдайында түсуге болады. Оразаны денсаулығы көтере алмаған адам ғана үзе алады. Емделгеннен кейін,қалып қойған күнін Ораза айтқа дейін өтейді. Мешіті жоқ ауылдарда садақа беру үшін аудан орталығына келу міндетті емес. Сол ауылдағы мұқтаж жанға берсе болады. Ал қала тұрғындары үшін «Анвар» мен «Дина» ірі супермаркеттерінде мешіттің арнайы жәшіктері қойылған. Қайтқан адамды шығарып салу әр өңірде әрқалай. Ол сол жердің салтына, әдет-ғұрпына байланысты. Шариғатта рұқсат етілген болса,  жергілікті салт-дәстүрге сай өте береді.

Ал зекет беру — мұқтаж жандардың ақысы. Мұсылмандық есеп бойынша 1 миллион 170 мың ақшасы бар адам байлардың қатарына кіреді. Осы қаражаттың 2,5 пайызы зекетке арналған. Малға  шаққанда 40 қойдан 1 қой деп есептелінеді. Қайырымдылықты, зекет беруді неге осы айда ғана жасайды дейтін болса, Рамазан айындағы орындаған парыздың сауабы еселенеді екен.

Рамазанның 30 күні 83 жылға тең келеді.  Оразадан қарт адамдар мен созылмалы науқасы бар адамдар босатылады. Ал жүкті, емізулі баласы бар әйел, жолаушылар уақытша босатылады. Ауыз ашқаннан кейін шылым шегетін адамдарды түсінбеймін. 16 сағат бойы шылым тартпай келген адам қалған 8 сағатқа қалайша шыдамайды? Бұл кезде «ауыз ашқанша шыдасам болды, сосын тартамын» деген ойы миға белгі беріп, өзін осыған дайындайды. Сөйтіп, ауыз ашқаннан кейін организм оны қажет етеді. Шылым тастаудың нағыз мүмкіндігі  осы кез. Көбінің басындағы сұрақтардың бірі — сәресін ішу. Жастар жағы ұйықтап қалады екен. Осыған байланысты айтарым, сәресінде берекет бар дейді. Онда ішілген бір жұтым су мен бір үзім нан күні бойы тоқ жүруіңе, қарның ашпауына сеп болады. Сондықтан сәресін ішкен абзал, — деді облыстың бас имамы Оспан Төлеби.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button