Мереке

Туған жердің тілі

Евгения мен Альфия қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бірі украин ұлтының, бірі татар ұлтының қызы. Евгения Иванова«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалындажұмыс істесе, Альфия Калимуллина қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. 

— Хромтау қаласында туып-өстім. Алматыда оқып жүрген кезде қазақ тілін үйренуге деген қажеттілік болды. Себебі ол кезде жеке кәсіппен айналыстым, сол кезде түрлі ұлт өкілдерімен, соның ішінде елімізге сырт елдерден көшіп келген бауырларымызбен, әсіресе Қытайдан көшіп келген қазақтармен жұмыс істедім. Міне, одан бері 10 жыл өтті. Осы уақыт аралығында мемлекеттік тілді жақсы меңгердім. Тіл білу адамның қызметтегі, жалпы қоғамдағы мүмкіндіктерін арттырады. Қазір «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалында жұмыс істеймін. Мемлекеттік тілді білу арқылы келушілерге өзі қалаған тілінде қызмет етемін, ал бұл әр келушінің өзін ыңғайлы сезінуі, ойын қиналмай жеткізуі үшін аса маңызды, — дейді Евгения.

Евгения жақында Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толу құрметіне Алматыда өткен байқауға да қатысып келіпті. «Қазақ тілін білу — бір басқа, қазақтың ақын-жазушыларын оқу — бір басқа. Абайды оқу арқылы қазақ ұлтының жан дүниесін, болмысын түсініп, қазақ тілінің қаншалықты бай екеніне көз жеткіздім», — дейді Евгения.

Евгения бұрын Хромтау қаласында ақпарат саласында жұмыс істеген. Әлеуметтік желілерде қазақ және орыс тілдерінде Хромтау ауданының жаңалықтары жарияланатын «Хромтау-ақпарат» парақшасын жүргізгені де бар. Онда да қазақ тілінде жаңалықтар жазу арқылы тілді меңгеру деңгейін арттыра түскенін айтады:

— Осында әжем тұрады. Ол да украин қызы. Бірақ әжем қазақ тілін білмейді, үлкен кісі ғой, алайда кішкентай ұлыма қазақ тілін үйретіп жатырмын. Балабақшада қазақ тобына барды. Үйде екеуміз қазақ тілінде сөйлесеміз. Өзіміз тұратын, суын ішіп, ауасын жұтатын туған жеріміздің мемлекеттік тілін құрметтеу — осы елдегі әр адамның азаматтық парызы. Бұл жалған ұраншыл сөздер емес, — дейді Евгения.

Альфия Калимуллина — Қарабұтақтың қызы. Қарабұтақтағы Шевченко атындағы мектептің қазақ сыныбын бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі.

— Әкем Қарабұтақта туып-өскен, ұлты татар, анам — қазақтың қызы. Бірақ нағашы әжем де татар, атам — қазақ. Біз көпұлтты отбасымыз. Сондықтан біз үшін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні — ерекше күн. Үйде төрт баламыз. Әкем: «Кенже қызым қазақ тілінде оқысын» — деп, мені қазақ сыныбына берген. Бірақ бауырларым да, ата-анам да мемлекеттік тілді жақсы біледі. Ауылда да қазақ достарым көп болды, қазақ тілін де ең алдымен сол ауылдағы достарым үйреткен. Туған жеріміздің тілін білу — біз үшін ешқандай ерекшелік емес, қалыпты жайт. Әріптестеріме, достарыма тіл білудің артықшылығын жиі айтамын. Иә, қазақта «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген сөз бар ғой, тіл деген де ілім, ілім білгеннің пайдасы ұшан-теңіз.

2008 жылдан бастап қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеймін. Біздің орталыққа халық көп келеді. Кейде орысша айтарын жеткізе алмай тұрғандарға қазақ тілінде түсінісуге көмектесемін, алғыстарын айтып жатады, — дейді Альфия.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button