Мереке

Қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыған орыс қызы

Алғаш университет табалдырығын аттаған тұста оның қойған сұрақтарына группалас достары орыс тілінде жауап беріп, ал оқытушылар «өз тобыңды шатастырып алмадың ба?»деп сұрағаны рас. Өйткені ол қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына келген 16 қыздың ішінде ерекше көзге түсетін еді. Бүгінгі әңгімеміз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі, ұлты орыс болғанымен, тілі қазақ Анастасия Породько (Браташова) жайында болмақ.

Ойыл өзенінің бойында дүниеге келген Анастасияның әкесі де, анасы да орыс. Десе де кезінде Асан қайғының өзі жырға қосқан Ойыл жұртының арқасында Настя бүгінде қазақ тілін еркін меңгерген.

— Ойылда туып,  қазақ тілін білмесем, ол менің сүйегіме зор таңба болар еді (күліп).  Ес білгелі бірге ойнаған достарымның барлығы қазақ балалары болды. Отбасымыздың да барлық мүшесі қазақ тілінде еркін сөйлейді. 8-сыныпқа көшкен жылы анаммен ақылдаса келе, қазақ тіліндегі деңгейімді жетілдіру үшін бар күшімді салдым. Қазақ тілінде ұйымдастырылған түрлі байқаулар мен конкурстарға қатыстым. Білімімді әрі қарай шыңдау мақсатында Ақтөбедегі белді оқу орындарының бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға  түстім. Мен оқушы кезімде де, студент кезімде де топтағы жалғыз орыс қызы болатынмын. Бірақ ешқашан дос таба алмай жалғызсыраған емеспін. Өйткені қазақ қыздары қашанда жанымнан табылды, — дейді ол.

Студенттік шағында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқи отырып, қазақ халқына, оның салтына деген құрметі одан әрі беки түскенін айтады.

— Қазақтың бауырмал, қонақжай ұлт екенін күнделікті тірліктері арқылы көріп жүрміз. Ал оның  тарихын, әдебиетін танып-білу арқылы мен бар өміріме жететін азық жинадым. Университетте оқып жүрген жылдары қазақтың ұлы ақын-жазушыларының шығармаларымен кеңінен таныстым. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын барынша танып зердеме түйдім. Әр ісінде тектілік пен тәрбие қатар жүретін қазақтың әрбір отбасылық мерекелік шарасының өзінде үлкен мән-мағына жатыр, — деп, қазақ ұлтының  болмыс-бітіміне қызыға қарайтын Настя жоғары оқу орнын аяқтаған соң мүлде басқа салаға бет бұрады. Бала кезінде қазақ тілінде мақала жазатын, журналист болуды армандаған Анастасия бұл күнде сән мен сұлулық әлемінде жүр. Жуырда келін атанған Настя бұл күнде жолдасы Максимге де қазақ тілін үйретіп жүргенін айтады.

— Қазіргі уақытта мамандығым бойынша жұмыс жасап жатқан жоқпын. Бірақ жолдасыма қазақ тілін үйретіп жүрмін.Мен келін болып түскен отбасы қазақ тілін түсінгенімен, еркін сөйлей алмайды. Бірақ қазақтың ұлттық мерекелерін ерекше атап өтеді. Ал былайғы күндері де үйде ет асып, бауырсақ пісіреміз,  — дейді ол.

Настя Қазақстандағы орыстар  еліміздегі барлық мерекені ерекше атап өтетіндігін айтады. Мәселен, Наурызда Настя түскен  шаңырақта қазан асылып, ақ дастарқан жайылған. Сондай-ақ ол бейбітшілік пен бірліктің мерекесі саналатын 1 мамырды да Браташовтар отбасының ерекше күтетінін айтты.

— 1 мамыр мен үшін балалық шағымның бейбіт аспаны дер едім. Бұл мереке біздің ауылда керемет аталып өтілетін. Анам үйді мұнтаздай етіп тазалап, тәтті-дәмділерін пісіретін. Ал мен ауылдағы мерекелік шаралардың басы-қасында жүретін едім. Түрлі қойылымдарға қатысып, би билейтінмін. Кешке қарай отбасымызбен мерекелік дастарқан басына жиналатынбыз. Бұл мереке жақындаған сайын мен балалық шағымды одан бетер сағына түсемін. Ал биыл көктемнің шуақты мерекесін жаңа отбасымда қарсы алмақпын, — дейді Настя.

Әңгіме барысында Настядан екі ұлттың той жасау барысындағы айырмашылықтары мен ұқсастықтары туралы да сұрадық.

— Қай ұлт болмасын, тойда тек жақсы тілектер айтып, шынайы лебіздерін білдіреді. Ең басты ұқсастық осы дер едім. Мен қазақтың тойында көп болдым. Әр той әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы бойынша өтеді. Маған беташар рәсімі ұнайды. Жаңа түскен келінді келіп жатқан жұртымен таныстырады. Ал ертеңіне келіншек түскен жұртына иіліп сәлем салып, өз қолымен шай береді. Қандай әдемі! Біздің тойымыздың да өзіндік ерекшеліктері мен қызықтары көп. Мысалы, бізде тойдан кейін ертеңіне күйеу жігітті қалыңдықтың анасы қонаққа шақырып, күйеубаласына арнап құймақ пісіреді. Бұл — «К теще на блины» деп аталатын әдемі мерекелік рәсім. Бұл күні қалыңдықтың туыстары жиналып, ән айтып, би билеп, көңіл көтереді. Жаңа күйеубаласымен жақынырақ танысады. Әрине, екі жасқа тілектерін арнайды, — дейді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button