Мереке

«Шатлықтың» шаттығы

250-ге жуықмүшесі бар «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылғанына былтыр 25 жыл толды.

Бірлестік төрайымы Эльвира Хабибуллинаның айтуынша, өткен жылы орталықтың құрылғанына 25 жыл, ал «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамбліне 55 жыл толған.

— Өткен жылы бұл атаулы оқиғаларды кең көлемде тойлауға мүмкіндік болмады. Сондықтан бұл шараны биылғы жылдың сәуір айында атап өтуді жоспарлаған болатынбыз. Дегенмен елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты биыл да тойлай алмай отырмыз. Алайда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қазіргі карантин режимінде бірлестік құрамындағы қариялардан бастап балаларға дейін бос отырмай, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Атап айтсақ, балалар мен үлкендердің көңілін көтеру үшін, сондай-ақ мерейтойлық шараларға үлес қосу мақсатында сәуір айынан бастап әртүрлі челлендждер әзірлеп, онлайн форматта өнерпаздарымыз өнер көрсетіп жатыр. Татар халқының ұлттық тағамдарын насихаттау, сондай-ақ карантин кезінде әр отбасындағы қарияның көңілін көтеру мақсатында ұйымдастырылған челлендждердің бірі «Татарша шай» деп аталады. Бұл челленджге Қазақстанның әр өңірінде тұратын татар ұлтының өкілдері өз үлесін қосты. Бұл — бір-бірімізге деген құрмет пен ізеттіліктің, қамқорлықтың нышаны. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізді қолдап, қамқорлық көрсетсек, еліміз бұл індетті де жеңіп шығатынына сенеміз, — дейді Э.Хабибуллина.

Бірлестік жетекшісі биыл Қазақстан халқының бірлігі күнінде орталық мүшелері онлайн режимде өз отбасыларымен өнер көрсетіп, өңірде тұратын өзге ұлт өкілдеріне жүрекжарды тілектерін арнамақ. Қазіргі таңда бірлестік құрамындағы «Сәйлән» татар балаларының ән-би тобы әлеуметтік желілер арқылы қазақ және татар тілдерінде мәнерлеп өлең оқып, ән айтып, мерекелік лебіздерін жолдауда.

— Бірлестік құрамындағы өнерпаздарымыз ұлттық аспаптарда өнер көрсетіп, мерекелік шараларға әрдайым белсенді түрде атсалысады. Осы орайда біз биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай татар халқының ұлттық аспаптарымен «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, мерейтойға өз үлесімізді қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда орталықтағы өнерпаздар осы жобаға дайындалып жатыр. Бұл —біздің қазақ халқына, мәдениетіне деген ерекше құрметіміздің белгісі. Сондай-ақ бұл бастамамызға шетелдерде тұратын татарлар да үлес қоспақ, — дейді орталық жетекшісі.

25 жылдық тарихы бар «Шатлық»татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бүгінге дейін жеткен жетістігі жетерлік. Атап айтсақ, былтыр «халықтық» атауын алған бірлестік құрамындағы «Сайра, гармун» ансамблі биыл ақпан айында өткен «Жұлдыздар аллеясы» республикалық шығармашылық байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ осы байқауда «Язгы-Моннар» халықтық ән-би ансамблі І дәрежелі дипломмен марапатталған.

Өткен жылы бірлестік жанындағы жексенбілік мектеп 20 жылдығын атап өтті. Қазір бұл мектепте 30-ға жуық жас татар, қазақ тілдерін үйреніп, оннан астам үйірмеге қатысады. Бүгінгі күні жексенбілік мектептің барлық тәрбиеленушілері мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

— Былтыр және биылғы жыл басында бірлестіктің бірқатар белсенді мүшесі мадақтамаларға ие болды. Атап айтсақ, Нурия Акчурина Елбасының Алғыс хатын иеленсе,ақсақалдар кеңесінің төрағасы Равиль Құрбанғалиев Ресей Федерациясы елшілігі тарапынан Құрмет Грамотасын алды. Ал Сания Насибуллинаға Татарстан Республикасы Білім министрлігі «Білім саласындағы еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ өткен Тәуелсіздік күніндебірлестік төрағасы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медаліне ие болдым. Бұл жетістіктер біздің емес, «Шатлықтың» ортақ жетістігі. Егер бірлестік болмаса, біздің де басымыз бірікпеген болар еді. Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясы — бірлік пен ынтымақтың кепілі, бейбітшілік пен татулықты орнықтырудағы бірегей институт. Бүгінде ондаған этнос өкілі тұратын осы өңірдегі 18 ұлттық-мәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді, — дейді татар қызы.

Эльвира Хабибуллинаның Ақтөбе жерінде тұрып жатқанына 43 жыл болған. Ол отбасымен 1977 жылы Ақтөбеге Қарақалпақстаннан көшіп келіпті.1999 жылдан бастап «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамбліне жетекшілік еткен ол бірнеше жылдан бері бірлестіктің төрайымы.

Береке бастауы бірлік екенін жақсы түсінетін «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің көпке үлгі болар істері, міне, осындай.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button