Жаңалықтар

Індет: бір күнде 61 науқас тіркелді

30 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы 61 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы да індеттің алдын алу мақсатында жұмылдырылған түрлі саладағы қызметкерлер. Бұл жағдай экспресс-тестілеудің қорытындысында белгілі болған. Ең қауіптілігі сол — осы 61 науқастың бірен-сараны ғана денсаулықтарының нашарлай бастағанын сезген. Қалғандары өздерін қалыпты жағдайда сезініпті. Бұл туралы Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты.

Қазір өңірде індетті анықтау мақсатында экспресс-тестілеу әдісі кеңінен қолданылып жатыр.

  • Бүгінде індеттің алдын алу мақсатында жұмылдырылған ішкі істер органдарының қызметкерлері, штаттық режимде жұмыс жасайтын күзет нысандарының, медицина саласы қызметкерлерінің және басқа да қызметкерлердің арасында экспресс-тестілеу жүргізіліп жатыр. Қорытындысында аурудың клиникалық белгілері білінбеген тұрғындардың арасынан да індетке шалдыққандар анықталуда. Бір күнде 61 адам тіркелді. Олардың барлығы стационарға жатқызылды, — деді Әсет Қалиев.

Облыста бүгінде коронавирус жұқтырған 126 науқас тіркеліп отыр. Қазір соның 11-і жазылып шықса, 115-і стационарда емделуде. Ем алып жатқан науқастардың 2-еуінің жағдайы орташа, 1-еуінің жағдайы ауыр.

  • Облыста науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, ем жүргізілуде. Бұл үшін қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сондай-ақ науқастармен тікелей жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерінің де қауіпсіздігі толық сақталған. Медицина қызметкерлері обаға қарсы киім, басқа да қажетті медициналық заттармен қамтылған. Оларға да экспресстестілеу жүргізілуде, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, індеттің қауіптілігі соншалық—бүгін анықталған 61 науқастың бірен-саранында ғана жалпы ауырсыну жағдайы болған. Қалғандары өздерін қалыпты жағдайда сезініпті.

  • Індет науқастың өзіне де, онымен араласқан өзге адамдарға да өте қауіпті. Мұны бүгінгі жағдай дәлелдей түсті. Өйткені қатерлі дертке шалдыққан осы науқастардың басым бөлігі өзінің ауырғандарын мүлде білмеген. Бұл індет айналаға жылдам тарайды. Ауа тамшылары арқылы жұғу қаупі де басым. Бүгінгі жағдай бұл індеттің адамдар арасында әлі де болса кең таралыпкетуқаупінің басым екенін білдіреді, — деді басқарма басшысы.

Өз сөзінде Нұрсұлу Беркімбаева да індеттің аса қатерлі екенін айтып, сол себепті тұрғындарға өте сақ болу керектігін ескертті. Облыстың бас санитары алдымен жеке бас тазалығын сақтап, көпшілік ортаға бармау қажеттігін нықтап айтты.

  • Қазір интернетте, әлеуметтік желілерде коронавирустың жоқтығы туралы жалған ақпараттар, әңгімелер, бейнежазбалар көп таралып жатыр. Бұл бос сөзге, өкінішке қарай, сеніп, иланып, соның салдарынан қамсыз жүрген тұрғындар жеткілікті. Расын айтқанда, індеттің жоқтығына қатысты таралған мәліметтердің бәрі де шындыққа сәйкес келмейді. Бұл індетпен әлем күресіп жатыр. Сол себепті тұрғындар тек ресми мәліметтерге ғана сенгені дұрыс. Сондай-ақ біздің кеңестерге құлақ асып, сақтық шараларын күшейткенде ғана індеттің кең таралуына жол бермейтін боламыз.

Жұмылып, көп жұмыс жасап, індеттің алдын алу мақсатында кешенді шараларды жүргізіп жатқанның өзінде бір күнде 60-тан астам адам қауіпті дертке шалдықты. Сондықтан індеттің растығына біздің өңірде де аталған жұқпалы ауруға шалдығушылардың көбейіп кетуі нақты айғақ бола алады, — деді Әсет Қалиев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button