Жаңалықтар

Бизнеске оқыту жұмыстары мамыр айында басталады

Тікелей эфир

Сәрсенбі күні «Aqtòbe» телеарнасында өткен«Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов пен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова ақтөбеліктер тарапынан қойылған сұрақтарға тікелей эфирде жауап берді.

Эфир барысында алдымен сөз алған басқарма басшысы облыс бойынша жекелеген қызмет түрлеріне шектеулерді алып тастау 4 кезең бойынша жүзеге асырылатындығын айтты.

— Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, шектеулерді жұмсартудың 1-кезеңі 1 мамырдан басталады. Яғни 2020 жылдың 1 мамырынан бастап өндірістік кәсіпорындар, құрылыс және жол құрылысы, көлік компаниялары, банктер және қаржы ұйымдары, халыққа және автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары; сауда және қызмет көрсету салалары: азық-түлік дүкендері, дәріханалар, оптика, ательелер, ломбардтар, айырбастау пункттері, нотариалдық қызметтер, сақтандыру қызметтері, фотосалондар, киім жуу және химиялық тазалау орындары, кілем тазарту, аяқ киім жөндеу, кеңсе техникаларын жөндеу шеберханалары, техникалық бақылау станциялары, дөңгелек жөндеу, көлік жуу нысандарыөз жұмыстарын бастайды. Бірақ жоғарыда аталған барлық мекемелер міндетті санитарлық талаптарды орындаулары тиіс, — деген басқарма басшысы 1 мамырдан бастап гүл сату, құрылыс дүкендері мен көшеттер сату, автосалондар мен тұрмыстық техника дүкендерінің жұмысы күндізгі сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана жүргізілетіндігін, ал бау-бақша ұжымдарының жұмысына рұқсат арнайы құжаттармен растау негізінде ғана берілетіндігін айтты.

Ал төтенше жағдай кезінде облыс кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жасалып жатқан жұмыстар турасында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова айтып берді.

— 16 наурыздан бері облыстық кәсіпкерлер палатасына 1000-нан астам кәсіпкер хабарласты. Олар тарапынан қойылған әрбір сұрақ біздің тарапымыздан міндетті түрде зерделенеді. Төтенше жағдай жарияланған бастапқы кезеңде сауда орындарын жалға алып отырған азаматтар тарапынан көптеген сұрақтар қойылған болатын. Одан кейін жұмысы тоқтаған саудагерлер ай сайынғы салық пен несиемізді қалай төлейміз деген сауалдармен хабарласты. Бүгінгі таңда бұл сұрақтардың барлығы қаралып, біздің орталық аппаратқа жеткізілді. Ал ол жақтағылар бұны Үкімет отырысында тиісті министрлікке жеткізіп отырды. Нәтижесінде бір айдың ішінде кәсіпкерлерге арналған қаншама жеңілдіктер пайда болды. Соның ішінде салық, несие төлеу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу бойынша бірнеше мүмкіндіктер қарастырылды.Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады,— деп жауап берді ол.

Ал бизнеске оқыту жұмыстары қашан басталатындығын сұрағандарға:

— Бұл сұрақ облыс тұрғындары тарапынан жиі қойылуда. Әсіресе аудан тұрғындары хабарласып, оқудың қашан басталатындығын сұрап жатыр. Бизнеске оқыту жұмыстары мамыр айында онлайн және оффлайн режимінде жүргізіледі. Оқуға қатысқысы келетін азаматтар біздің аудандық филиалдарға барып тіркелулері қажет. Ал оқыту жайында және оның кестесі жайында алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тағы да нақты ақпарат беретін боламыз, — деп жауап берді.

Эфирге сауал жолдаған шағын дүкені бар азаматтардың бірі: «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  50 наннан аз нан сатпаймыз» деп отыр, осы қаншалықты дұрыс?» — деп сұрады.

— Заңнамаға сәйкес, әрине, бұндай шектеу қою дұрыс емес. Негізінде, алатын тауардың санына байланысты шектеу жоқ. Бұл мәселе бойынша жеке қарайтын боламыз, — деп жауап берді А.Даржанова.

Сондай-ақ тікелей эфир барысында жеміс-жидек пен көкөніс бағасының қымбаттап кеткенін айтып хабарласқан тұрғындар да болды. Өз кезегінде сөз алған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы қазіргі таңда көкөніс маусымы емес екендігін, аталған өнімнің өзге өңірлерден әкелінетіндігін тілге тиек етті. Ал әлеуметтік маңызы бар 9 өнімге қатысты Үкіметтік деңгейде шектік бағаның бекітілгенін, егер саудагерлер одан асырса, заң жүзінде жауап беретінін айтты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button