Жаңалықтар

137 234 адамға бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсетілді

Тікелей эфир

4 мамырдан бастап Ақтөбе қаласында шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсету орталығы қызмет ете бастайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінде тікелей эфирде өткізілген брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Әсел Мұстафина айтты.

—  4 мамырдан бастап Тургенев көшесіндегі және Батыс-2 ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін дүйсенбі мен жұма аралығында 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсету мақсатында, несие беруде оң шешім алған ұйымдарға тізім бойынша кестемен қызмет көрсетіледі, — деді ол.

Ә.Мұстафинаның айтуынша, карантин кезінде санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау үшін бөлім барлық санитарлық шаралармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ фронт-офисте қызмет көрсететін мамандардың қауіпсіздігі мақсатында олар жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіліп, қаладағы шектеу жағдайында жүріп-тұрулары ұйымдастырылған. Қызмет алушылардың да қызмет алу кезіндегі санитарлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған.

— Шағын және орта бизнес өкілдерінің ғимарат ішінде жиналуын болдырмау үшін олар құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс. Атап айтқанда, жылжымайтын және жылжымалы мүлік кепіл шартын және кепіл шартына қосымша келісімді мемлекеттік тіркеу үшін 2 дана кепіл шарты, осы шартқа қосымша келісім, объектіге байланысты тариф бойынша төлем, ерлі-зайыптының нотариалды куәландырылған келісімі қажет болады, — деді ол.
Бұл орталықтарда заңды тұлғаларға онлайн алуға болмайтын қызметтер ғана көрсетіледі. Ал онлайн алуға болатын қызметтер карантин аяқталғанша, одан әрі де қашықтан көрсетіле береді. Жеке тұлғалар да онлайн қызмет ала береді:

— Ақтөбеліктерге бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 59 қызмет және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы 25 қызметті алуға болады. Белгіленген қосымшаларда электрондық цифрлық қолтаңбасыз бір реттік пароль арқылы алу қолжетімді. Сонымен қатар әлеуметтік сала бойынша зейнетақы, жәрдемақы, бір жасқа дейінгі жәрдемақы сияқты құжаттарды, жеке куәлік және төлқұжатты да онлайн рәсімдеуге болады. Жедел рәсімдеу онлайн түрінде қарастырылмаған, тек 15 жұмыс күн ішінде дайын болады. Сондай-ақ азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны да онлайн ала алады, — деді Ә.Мұстафина.

Баспасөз хатшысының айтуынша, 1414 және 1411 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Байланыс орталықтарына қоңырау шалу тегін. Бүгінгі күнге дейін байланыс орталығы арқылы 139 574-тен астам адамға кеңес берілген. 137 234-тен астам адамға бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсетіліп,  6 168-ден аса азамат мобильдік базаға тіркелген.

— 30 наурыздан бастап қаламыздағы Тургенев көшесіндегі орталықта дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе жұмыс істеп жатыр. Мұнда ақтөбеліктер онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар. Құжат дайын болғанда ұялы телефонға хабарлама келеді. Бүгінге дейін 9 579 дайын құжат берілді. Қазіргі уақытта облыстағы барлық халыққа қызмет көрсету орталығында дайын құжат беру терезесі жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында дадайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді, онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады. Бүгінге дейін онлайн өтініш беру арқылы 144 автөкөлік нөмірі, 431 жүргізуші куәлігі берілді. Жүргізуші куәлігін жаңадан алу немесе емтихан тапсыру бағыттары тек карантин біткеннен кейін ғана жүргізіледі, сонымен қатар автокөлікті салоннан немесе басқа да құжат негізінде тапсыратын қызметтерді ХҚКО жұмысы іске қосылғаннан кейін ғана тапсыра алады. Жылжымайтын мүлік қызметтері мен заңды тұлғаларға қатысты қызметтерді бірыңғай байланыс орталығы арқылы кеңес алып, онлайн немесе нотариус арқылы тіркеу қолжетімді, — деді Ә.Мұстафина.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button