Жаңалықтар

Азық-түлік пакеттері таратылды

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшелері «Біз біргеміз!» акциясына өз үлестерін қосып жатыр. Індет басталғалы әлеуметтік жағдайы төмен  алпыстан астам отбасыға азық-түлік пакеті мен дезинфекциялық құралдар таратылды. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі баласы бар үш отбасы осындай көмекке ие болды.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов және штаб мүшелері — «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының директоры Қайрат Сабыр, «Желдорфармация» ЖШС директоры Құдайберген Бекенов пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мүмкіндігі шектеулі баласы бар Баян Жұбандықованың үйіне барды. Иният Рамазан туабітті сал ауруына шалдыққан. Өздігінен жүріп-тұра алмайды.

Балам туғаннан осындай ауруға шалдықты. Бірақ қиындыққа мойығанымыз жоқ. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар деп бізді шеттетпей, көмек көрсетіп жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Рамазан айы басталғалы қол ұшын созып, қайырымдылық жасап жатқандар бар. NurOtanпартиясынан да келіп жатыр. Бүгін, міне, сіздер көмек көрсетіп отырсыздар. Шын жүректен алғысымды білдіремін. Мүгедек баланы бағу оңай емес. Дәрі-дәрмегі, ем-домының өзі көп қаржыны қажет етеді. Осындай қиын кезеңде бізді ескеріп, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға ризамыз, — деді Баян Жұбандықова ағынан жарылып. Штаб мүшелері Рамазанның жағдайын сұрап, бұндай көмектің әлі де көрсетілетінін айтты.

Штаб мүшесі Құдайберген Бекеновтің айтуынша, індет басталғалы қайырымдылық шаралары тоқтаған емес. Күніне кемінде екі-үш отбасыға азық түлік пакеті мен дезинфекциялық құралдар жеткізіледі.

Штабтың құрамындағы азаматтар елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жатыр. Аудандарда тұратын отбасылар да назардан тыс қалған жоқ. Қиындықта халық бірігеді, бір-біріне қол ұшын созады. Жақынын қиындыққа қалдырмайды. Бұл — біздің қанымызда бар қасиет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Үндеуінде осыны айтып, «Біз біргеміз!» акциясының маңыздылығына тоқталды. Президенттің бастамасын қолдап, осы акцияны әрі қарай жалғастыра береміз, — деді Құдайберген Бекенов.

Сондай-ақ штаб мүшелері мүгедек баласы бар осындай тағы да екі отбасының үйіне барды. Азық-түлік пакеті мен дезнинфекциялық құралдарды беріп, үй иелерімен сөйлесті. Отбасына амандық тіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button