Денсаулық

Коронавирустан қалай сақтанамыз?

Кез келген ауруды емдегеннен оның алдын алған оңай. Қазір елімізде індет жұқтырғандардың саны үш мыңнан асты. Дәрігерлер қарапайым санитарлық талаптарды сақтасақ қана індеттің алдын алуға болатынын айтады. Тұрғындардың бұрынғыдай алаңсыз жүруіне болмайды. Ауруды кез келген жерден жұқтырып алуға болады. Коронавирустың белгісі қарапайым тұмау сияқты болғандықтан көпшілік елемеуі мүмкін. Бірақ бұл —өте қауіпті инфекция.

«Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның маманы Алмагүл Айтқұловадан ауру жұқтырмас үшін қандай сақтық шараларын жасау керектігін сұрадық. Қазір бұл мекеме тұрғындарға ақпарттық парақшалар таратып жатыр. Маманның айтуынша, вирус ауа тамшылары арқылы және заттар арқылы да жұғады. Сондықтан күнделікті өмірде тазалыққа өте қатты мән беру керек. Мәселен, дүкенге барғанда банк карточкасын пайдалануға тырысыңыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қағаз ақшада вирус төрт күнге дейін сақталады. Сондай-ақ телефоныңызды антисептикпен жиі сүртіңіз. Автобусқа мінген кезде арақашықтықты сақтаңыз. Мүмкіндігіңізше тұтқадан ұстамауға тырысыңыз. Мұрын мен көзге қол тигізбеңіз. Жұмыс үстелін жиі-жиі құрамында спирті бар сұйықтықпен сүрткен жөн. Медициналық бетперде мен қолғап киіп жүріңіз. Бетпердені әрбір екі сағат сайын ауыстыру керек. Осы қағидаларды ұстансаңыз, аурудың алдын алуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button