Мәдениет

Бүкіл әлем Жұбановтың тілінде сөйледі (Видео)

Бүгін — қазақтың кәсіби музыкасының негізін қалаушы, композитор, академик Ахмет Жұбановтың туған күні. 1906 жылы Ақтөбенің Мұғалжарында қазақ музыкасының, ұлт руханиятының бағына дүниеге келген Ахмет Жұбановтың туғанына биыл 114 жыл толып отыр. Егер… әлемді шарпыған коронавирус дерті болмағанда, жаңалыққа, жақсылыққа құштар ақтөбелік өнер иелері көрерменіне академиктің туған күніне орай әлбетте әдемі кеш ұсынар еді.

«29 сәуір күні Ахмет Жұбановтың туған күніне орай біздің филармония жыл сайын «Жұбановтар әуені» атты оркестрлер мен халық ансамбльдерінің халықаралық фестивалін ұйымдастыратын еді. Биыл хор ұжымдарының фестивалі өткізілуі тиіс болатын, алайда қауіпті індеттің таралуына байланысты болмай қалды. Дегенмен біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Бұл жолы Ахмет Жұбановтың әндерін әлем музыканттары онлайн режимде бірге орындады», — дейді осы идеяның авторы, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының басшысы, мәдениет саласының үздігі Елубай Кенжалиев. Иә, расында, музыка үшін шекара да, әрине, карантин де жоқ.

Бұл күні әлемнің 15-ке жуық мемлекеті Ахмет Жұбановтың әндерін шырқады. Дүниенің әр түкпіріндегі көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер Жұбановтың «Қарлығаш», «Ақ көгершін» әндерін бірге орындады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы ұйымдастырған дүниежүзілік деңгейдегі ән айту шарасына Қазақстанмен бірге Молдова, Башқұртстан, Ресей, Белоруссия, Хакасия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Үндістан, Тайвань елдеріндегі әлем музыканттары қосылды.

— Ресейдің халық артисі, жасы жетпістен асқан белгілі әнші Александр Цыганков, Башқұртстанның халық артисі, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Рамиль Гайзуллин, басқа да майталман әншілер өз үлесін қосты. Әр елдің әншілері өздерінің ұлттық аспаптарымен әнді орындап, видеоларын бізге жолдады. Біз олардың басын қосып, монтаждап, дайын күйінде көрерменге, тыңдарманға ұсынып отырмыз. Еліміздің әр түкпіріндегі өнер ұжымдары да белсенді қатысты. Ақтөбедегі «Арайлы Ақтөбе», «Достық сазы», Ахмет Жұбанов атындағы ұлтаспаптар оркестрі де қатысты, — дейді Елубай Кенжалиев.

Сонымен қатар  хор жанры бойынша  әлем өнерпаздары бірігіп Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін орындады. Филармонияныңқазақ камералық  хор  ұжымымен қатар шетелдік Татарстан, Қырғызстан, Белоруссия, Әзірбайжан, Ресей, Түркия,  еліміздегі Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау, Көкшетау,  Алматы филармонияларының камералық хорлары бірге шырқаған бұл  ғажап туындыныңөзі кейде бүгінгі әлем елдері бастан кешіріп жатқан жағдайды меңзеп, төрткүл әлемге жақсылық тілеп тұрғандай:

«Тыныш бейбіт өмірдің

Белгісі боп қанат қақ.

Әлемге ортақ көңілдің

Қайт шыңына қонақтап.

Ел тілегін алып ұш,

Адамзаттың бағына.

Қара бұлтты жарып ұш,

Мұхиттың арғы жағына», — дейді әнде. Дәл қазіргі сәтте «әлемге ортақ көңілді» дөп басқан екі ән — бірі айналасына қанатымен су сепкен қамқор көңілді, бірі бейбітшілікті ту еткен екі ән — «Қарлығаш» пен «Ақ көгершін» «ел ішін, кең дүниенің көлемін» «кезіп» кетті.

— Мұндай игі бастамаға ұлттық аспаптарымен үн қосқан Молдова, Башқұртстан, Ресей, Белоруссия, Хакасия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Үндістан, Тайвань сынды  мемлекеттердің және Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Алматы және Ақтөбе филармонияларының камералық хор ұжымдарына кәсіби музыка өнерін дәріптеген ұлы тұлға академик Ахмет Жұбановқа деген құрметі үшін, Ахмет Жұбановтың әнін — қазақтың үнін әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізгені үшін зор алғысымды білдіремін. «Қарлығашұя салған үй бақытты» деген қазақ халқының мәтелі бар. Әрқашанда бір-бірімізге тілекші, қамқор болайық, — дейді Е.Кенжалиев.

А.Жұбанов атындағы қазақұлт аспаптар оркестрі даңқты композитордың  «Көктем», «Ария» және «Би күйі», «Тәжік биі» шығармаларын орындауға қатыстыел аумағындағы өнер ұжымдарына, өнер иелеріне челлендж жолдады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button