Экономика

Бизнес нысаны талапқа сәйкес келуі қажет

Анар ДАРЖАНОВА, облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры:

Карантин режимін жұмсартуда бизнес субъектілері жұмыс жүргізуі үшін дайындық актісімен танысады. Бұл құжат қандай мақсатта рәсімделеді деген сауал туындауы мүмкін. Ол үшін бизнес объектісі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың барлық талаптарына сәйкес келуі қажет. Дайындық актісі осы мақсатта жүзеге асырылады. Бұл орайда әрбір сауда нысаны, яғни азық-түлік дүкендері мен басқа да қызмет көрсету салалары үшін талаптар жеке әзірленді. Қазіргі күні мұндай талаптар бизнес нысандары басшыларына мәлім етілді. Біз кәсіпкерлік құрылымдарының әрқайсысына осы талап жету үшін жұмыстандық. Бизнес нысаны өз жұмысын бастамас бұрын, әуелі осы талаптың жүзеге асырылу барысы қаралады. Нысан басшысы жаңа талаптарды орындап, өзіне жауапкершілік алғаннан кейін, яғни тексеру актісінен соң ғана объектіні ашу мүмкіндігі қарастырылады.

Бұл орайда Орталық, «Арай» сауда базарлары мен «Табыс» коммуналдық  базары үшінші санатқа жатқызылғандықтан, мұндай сауда орындарының жұмыс жасауы үшінші кезеңге қалдырылып отыр. Базарлар үшін арнайы талап бар. Өйткені біз мұндай объектілерде адамдардың көптеп шоғырланатынын түсінуіміз керек. Бізде базарлардың өзінде шамамен 7 мың жалға алушы бар. Сондықтан базар әкімшілігі  індеттің алдын алу үшін өз объектісінде қажетті сақтық шараларын орындауы керек. Бұл жағдайда санитарлық дәрігерлер бизнес жүргізуде қандай шаралар қабылдау қажеттігін қосымша нақты түсіндіретін болады. Оларға санитарлық талап алдын ала таныстырылатындықтан, нысан басшылығы мен ондағы кәсіпкерлікпен айналысушылардың әрқайсысы жауапкершілікті өз мойындарына алады.

Бүгінгі күні палатаға кәсіпкерлерден түскен сауалдардың 17 пайызы коммуналдық төлем мәселесіне қатысты болды. Коммуналдық мекемелер жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсететіндіктен, мұндай жағдайда олар айыппұл салуға тиіс емес. Бүгінгі күні коммуналдық мекемелер ешбір бизнес нысанында коммуналдық жүйелерді ажыратқан жоқ. Егер кәсіпкерлер наурыз айы үшін коммуналдық төлем жасамаса, ол үшін шара қолданылмайды. Бұл мәселені біз өз бақылауымызға алып, «Трансэнерго», «Ақбұлақ» және «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорындарымен байланыста отырмыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button