Денсаулық

Сырттан келгендер арнайы тексерістен өтеді

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Індет жұқтырғандарға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Науқастармен байланыста болған тұрғындар  дәрігерлердің бақылауында. Жалпы облыстағы емдеу мекемелері мен оқу орындары індеттің алдын алу мен күресуде белсенді жұмыс жасап жатыр. «Aqtóbe» телеарнасының «Індет пен міндет» бағдарламасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов осы және өзге де мәселелерді айтып берді.

Қазіргі күні облыста індет жұқтырғандардың саны — 57 адам. Оның ішінде он бір адам емделіп шықты. Алайда шетелден, оның ішінде Ресейден келіп жатқан тұрғындар арасында коронавирус жұқтырғандар саны азаймай отыр. Жұртшылық осы мәселеге алаңдаулы. Сырт елден келетін науқастарға шектеу қоюға болмай ма? Олардың ауру таратуына неге жол беріледі? Тұрғындар басқарма басшысына осы сұрақтарды қойды.

Өкінішке қарай,  Ресейден келген азаматтардың арасында індет жұқтырғандар анықталып жатыр. Жалпы коронавирусқа шалдыққандардың басым бөлігі сырт елден келгендер, яғни олардың вирусты шетелден әкеліп жатқаны рас. Бірақ тұрғындар бұл мәселеге түсіністік танытуы керек. Себебі шетелде ауру жұқтырғандар саны көбейіп, олар өз азаматтарын емдеп үлгере алмай жатыр.  Ал ол жақтағы жерлестеріміз елге қайтқысы келеді. Олар өз еліне арқа сүйейді. Оның ішінде біріміздің бауырымыз, біріміздің баламыз бар. Мемлекет өз азаматтарының жағдайына бейжай қарай алмайды, — деді басқарма басшысы. Сырт елден келетіндердің барлығы арнайы тексерістен өтеді. Уақытша карантинге жатқызылады. Егер сараптама қорытындысы жақсы болса, үй карантиніне жіберіледі. Сондай-ақ қалаға кіретін көліктердің барлығы да блок-бекеттерде тексеруден өтеді. Аурудың қандай да бір белгісі байқалса, бірден оқшауланады.

Тікелей эфирде карантин орталықтарының жағдайы да айтылды. Мәселен, медициналық университеттің үш жатақханасы қазір карантин орталығына айналған. Университет ректоры бұл жердегі азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалып жатқанын айтты. Қазір университет студенттері қашықтан оқытылып жатыр. Олардың білім алуына ешқандай кедергі жоқ. Талапқа сай кейбір студенттер практикалық жұмыстарға қатысып жүр. Жалпы оқу орының білім беру жүйесі қалыпты жұмыс жасауда.

Тікелей эфирде тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Оның ішінде емханалардың жұмысына қатысты мәселелер де айтылды. Әсет Қалиевтің айтуынша, қазір жоспарлы тексерулер мен операциялар тоқтап тұр. Тұрғындар сәл сабыр сақтап, шыдамдылық танытуы керек. Төтенше жағдай режимі аяқталып, карантин мерзімі біткен кезде бұндай емдік шаралар жалғасады. Ал шұғыл медициналық көмек көрсетіле береді. Басшылар түскен сұрақтардың барлығына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button