Пікір

Қиындықта көрсетілген қолдау қуантады

Жақсылық ЕСПУСИНОВ,

Жем қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Елдегі карантин уақыты 11 мамырға дейін созылды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде белгілі болды. Бұл — қажеттіліктен туындаған шара. Әлем болып күресіп жатқан індеттің елімізде етек алып, таралып кетпеуі үшін, тосқауыл қою мақсатында мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар қолға алынып, атқарылуда. Бұл жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, халыққа көмек көрсетілуде.

Мемлекет басшысыөз сөзінде Үкіметке «Қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз етуге» басымдық беруді тапсырды.Бұл дұрыс деп санаймын. Себебі, халық үшін бөлінген әр тиын діттеген жеріне жетуі керек. Сонымен қатар, Президенттің өз мәлімдемесінде: «Қазіргідей күрделі кезеңде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды» деуі көпшіліктің көкейіне дөп қонып, бір серпін бергені рас.

Карантин еріккеннен енгізіліп, ұзартылып отырған жоқ. Әлемдегі вирус жұқтырған 3 миллион адам — бұл індеттің қауіпті дерт екенін айғақтап тұр. Сондықтан, ел болып, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан шаралараға қолдау білдіріп, қойылып отырған талаптарға түсіністікпен қарағанымыз жөн.

Қазақ қай нәубеттен де аман шығып, еңсесін тіктей алған халық. Оған қанға сіңген ауызбіршілік пен төзімнің арқасында қол жеткіземіз. Ендеше, бірге болайық, ағайын!

 Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button