Пікір

Медицинаны дамыту — кезек күттірмейтін іс

Айсұлу ЖАНАЕВА,

«Денсаулық» медициналық орталығының акушер-гинекологі:

Мемлекет басшысының елдегі жағдайға қатысты жасаған мәлімдемесінен хабардар болдық. Елде карантин жарияланған бір жарым айға жуық уақыттан бері коронавирус індетіне қарсы жүргізілген ауқымды жұмыстарды тағы да сараптап шықтық.

Төтенше жағдай салдарынан жұмыстары тоқтап, үйде отыруға мәжбүр болған халықтың жағдайы назардан тыс қалмады, 42500 теңге екінші айға төленетін болды. 4 миллионнан астам қазақстандыққа қаржылай және 1,6 миллион адамның коммуналдық төлемі үшін көмек көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар, көмекке мұқтаж отбасылар — мемлекет назарында. Бүгінде індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге де көптеген қолдау шаралары жасалып, қаржылай көмек берілуде.

Ал Президенттің өз мәлімдемесіндегі «Төтенше жағдайдан кейін де медицина саласын дамытуға мән береміз, бұл салаға ауқымды қолдау көрсетіледі» деген сөзі бізді, яғни дәрігерлерді қуантты. Себебі, әлемдегі бұл жағдай медицина саласы мен дәрігерлердің кәсіби тұрғыда дамып, өркендеуі қаншалықты маңызды екендігін тағы бір дәлелдеп өтті.

Жасалған және жалғасын табар мақсатты жұмыстар ауқымды. «Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенім білдіремін» деген Мемлекет басшысына үміт артып, сын сағатта қызметте жүрген әрқайсысымыз кәсіби жұмысымызды абыроймен атқарайық. Ал үйде отырғандарымыз төтенше жағдай тәртібін ұстанып, ауызбіршілік таныта білсе, басты міндет — сол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button