Әлеумет

Мамырда мөлшері ұлғайған зейнетақы мен жәрдемақы төленеді

Облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев пен еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон бойынша облыстық департамент басшысының орынбасары Нұрлан Мәжитовтер «Aqtòbe» телеарнасындағы «Індет пен міндет» хабарында төтенше жағдай кезінде аймақта әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді.

Телеарнаның және әлеуметтік желілердің тікелей эфирі арқылы ұйымдастырылған хабар барысында Саламат Аманбаев:

Жалпы айтқанда, облыстың еңбек саласындағы әлеуметтік ахуал тұрақты. Президент Жарлығы бойынша биыл 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге шектеулер қойылды. Дейтұрғанмен, жалақының уақтылы төленбеуі, заңсыз қысқартуға байланысты бірқатар мәселелер бар. Осындай жағдайларға байланысты тексеру болмағанның өзінде де, біздің тарапымыздан сол мекеменің басшысын шақырып, мәселені көтеріп, шағымданған қызметкерлердің проблемасын заңға сәйкес шешуге оң ықпалымызды тигізіп жатырмыз, — деді ол.

Оның айтуынша, осындай құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда азаматтардың сall-орталыққа уақтылы қоңырау шалып, ондағы инспекция мамандарымен тілдескені абзал. ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес инспекция мамандары туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге тырысады.

Нұрлан Мәжитовтің айтуынша, зейнетақы мен жәрдемақыны қайта есептеу жұмыстары жақында ғана аяқталған.

Зейнетақы 5 пайызға өссе, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланысты жәрдемақылар да шамамен 5 пайызға өсірілді. Бұл, 2019 жылмен салыстырғанда, 10 пайызды құрады. Қазіргі күні біз бұл жұмыстарды толықтай аяқтадық. Облыс тұрғындары мөлшері ұлғайған зейнетақы мен жәрдемақыны сәуірдегі айырмашылығымен қосып, мамырда бірге алатын болады, — деді Н.Мәжитов.

Хабар барысында азаматтардың еңбекке араласу кезінде құжаттарға немқұрайлы қарауы, соның салдарынан туындайтын мәселелер төңірегінде де сөз болды.

  • Кейбір жұмысшылар еңбекақысын қолма-қол алғысы келеді. Мәселен, жұмыс беруші оған 60 мың теңге ұсынып, оның бір бөлігін зейнетақы қорына аудару турасында ұсыныс айтса, олар көп ақша алу жағын таңдайды. Осындай шешімнің нәтижесінде жұмыс беруші тараппен еңбек шартын жасаспайды. Соның салдарынан зейнетақы жинақтау, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларына ешқандай жарна аударылмайды. Енді осындай қиын жағдайларға тап болған кезде әлеуметтік төлем алуға заңды құқығы болмай шығады. Қазір бірыңғай жиынтық төлемдер деген шықты. Бұл — өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға өте ыңғайлы жарна. Себебі бір рет 2651 теңге төлей отырып, өзімізді кәсіпкер ретінде көрсете аламыз. Егер біз бірыңғай жиынтық төлемдерді төлейтін болсақ, онда жоғарыда аталған қорларға ақша аудару арқылы өз-өзімізді толықтай қорғай аламыз, — деді Нұрлан Мәжитов.

Хабарға қатысушылар тікелей эфир барысында басқа сауалдарға да жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button