Әлеумет

Рамазан қайырымдылықпен басталды

#BizBirgemiz

Рамазан айының алғашқы күнінде «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қоры #BizBirgemiz қайырымдылық акциясына үлес қосты.

Олар Ақтөбе қаласындағы кәсіпкерлер мен волонтерлердің көмегімен аз қамтылған және жалғызбасты 300 отбасының үйіне бірінші қажеттіліктегі азық-түлік жиынтықтарын жеткізуді бастады.

Аталған қоғамдық қордың мүшесі Еділ Аймағамбетовтің айтуынша, әр отбасына 20 мың теңгеден асатын азық-түліктің 13 түрі енген жиынтықтар үлестірілуде.

— Акцияға қаланың шағын және орта бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлер, азық-түлік дүкендерінің иелері және қала тұрғындары белсене қатысуда. Көмек көрсетуге ниетті көптеген еріктілер де есімдерін жарияламай-ақ қаржылай қолдау білдіріп, азық-түліктерді үйлерге таратуға қол ұшын созуда. Бүгінгі шараға 60-қа жуық адам атсалысты. Акция барысында алдымен мұқтаж отбасылардың тізімі құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Олардың көпшілігі қала сыртындағы саяжайларда тұрады. Карантин режимі аяқталғанша қайырымдылық шаралары жалғасатын болады. Қазіргідей сын сағатта сауапты істің қасынан табылып, жұмыла көмек көрсетіп жатқан жомарт жандарға ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Еділ.

Айта кетейік, «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қоры 2018 жылдың сәуір айында құрылды. Қоғамдық қордың жанынан Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова, 18 мекенжайынан мұқтаж жандарға арналған қоғамдық дүкен де ашылды. Сондай-ақ аталған қоғамдық қордың мұрындық болуымен қыс айларында мұқтаж отбасыларға көмір таратылып, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында көмек көрсетілді. Бүгінде қордың құрамында 15 ерікті тіркелген.

Қайырымдылық жасағысы келетін әрбір азамат #BizBirgemiz акциясына қосыла алады. Ол үшін «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қорының Shaniraq.kz сайты немесе инстаграм әлеуметтік желісіндегі shanirag_aqtobe парақшасынан толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік бар.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button