Әлеумет

Әр отбасының әлеуметтік картасы жасақталуда

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері мемлекеттік әлеуметтік көмектің көлемі артты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімін кеңейтті.

Атап айтсақ, төтенше жағдай кезеңінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 20 000 теңге көлемінде 1,2,3 топ мүгедектеріне, жалғыз тұратын қарияларға, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналарға, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын амбулаториялық ем алушы науқастарға, аз қамтылған отбасыларға көмек берілуде.

Сондай-ақ республикалық бюджеттен 5567 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, 1,2,3 топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналар, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдарда тіркелген жұмыссыздар қаржылай көмек алатын болды. Бұл төлемдерді алу үшін еш жерге барып, құжат тапсырудың қажеті жоқ.Көмек алушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасақтайды.

Қазірі таңда Ақтөбе қаласы бойынша әр отбасының әлеуметтік картасы жасақталуда, сол үшін арнайы электрондық пошта (cz-pomoshch@mail.ru) ашылды, сауалнама толтырып жіберуге болады.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласының Астана және Алматы ауданы әкімдіктерінде азқамтылған отбасыларды анықтау мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта Астана ауданыбойынша astana_help_2020@mail.ru, Алматы ауданы бойынша pomosh_almaty@bk.ru  электрондық пошталары жұмыс жасайды.

Қазақстанда төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты тікелей қарым-қатынасты болдырмау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жәрдемақы тағайындауды автоматты түрде ұзартады. Ал бірінші рет өтініш білдірген жағдайда учаскелік комиссия байланыс құрылғылары арқылы тексеру жүргізеді. Қызмет көрсету нәтижесі туралы ақпаратты азаматтар пошта немесе мессенджер арқылы алады.

Айта кету керек, 2020 жылдың 1-тоқсанында Ақтөбе қаласында 2757 отбасына (13549 адам) атаулы әлеуметтік көмек және 3913 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалып, бүгінгі күнге дейін «Электрондық үкімет» порталы арқылы 100-ге жуық өтініш келіп түсті.

Ақтөбе қаласында әлеуметтік көмек көрсету мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде біржолғы әлеуметтік көмек отбасында жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болғанда жылына бір рет біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі және көмек көрсету мүмкіншілігі арнайы комиссия отырысында қаралады. Бүгінгі күнге дейін осы бағытта 413 адамға 20,7 млн теңге көлемінде көмек берілді.

Мақпал ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

 Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік

 бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button