Басты жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық дерті: алдын алу маңызды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жедел әрекет ету штабының кезекті жиыны өтті.

Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан  Мұхамбетовтің баяндамасы тыңдалды.

Департамент басшысы  өткен жылдың 26 қарашасында Мемлекет басшысы «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын айта келіп, бұл құжаттың қабылдануы еліміз үшін аса маңызды болып табылатындығына тоқталды.

Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңалықтар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

—Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде отставкаға беруі тиіс, — деп нақтылады ол.

Ерекше назар аударатын жағдай, заңнамаға сәйкес бұл нормалардың барлығы 2019 жылғы 10 желтоқсаннан кейін жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысты қолданылады.

Баяндамашы ағымдағы жылдың І тоқсанында қарамағындағы қызметкерлер жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқықбұзушылықтары үшін тәртіптік жауапкершілікке 3 басшы тартылғанын атап көрсетті.

Соның бірі «Еңбек» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушының сыбайлас жемқорлық жасауына байланысты. Осы жағдайға байланысты  «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Д. Джаппуев өз қызметінен босатылған.

Баяндамашы бірнеше  полиция қызметкері тарапынан осындай келеңсіздіктерге жол берілгені туралы нақты деректер келтіріп, алынған шаралар туралы баян етті.

Мәселен, Мұғалжар аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің инспекторы Р. Тәңірбергеновтің пара алу дерегі бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары  К. Есмұханов қызметінен босатылып, аудандық полиция бөлімінің бастығы М. Сейталин қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин: «Әрбір басшы  Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамасында белгіленген алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуі керек. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау мен мониторинг жүргізу механизмдері жұмыс істеуі тиіс», — деп атап көрсетті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button