Экономика

Құрылыс компанияларына басымдық беріліп жатыр

Төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларының аймақта жүзеге асырылу барысы турасында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова айтты.

Қазіргі жағдайда өңірдегі шағын және орта бизнестің әрі ірі кәсіпорындардың жұмысы қалай реттелуде, облыс әкімдігі тарапынан қандай қолдау шаралары жүзеге асырылып жатқаны туралы сауалға Қайрат Бекенов:

— Біз бизнес субъектілері төңірегіндегі барлық проблеманы зерделедік. Қазіргі күні мәселелерді шешу жолы жергілікті әрі республикалық деңгейде қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл бағытта бірқатар жеңілдіктер болды. Ол — мұндай салаларға қатысты салық, несие жағынан қарастырылған жеңілдіктер. Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнес — қиын жағдайға ұшыраған салалар. Өздеріңіз білетіндей, бір айдан астам уақыт біз осы және өзге де салалардың жұмысына қатысты қатаң шаралар қабылдадық. Осыған байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин республикалық комиссияның деңгейінде шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысын жеңілдетуге өз ұсынысын беретін болады. Облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, бизнес тарапынан туындаған әрбір мәселе зерделенді, — деді.

Ал вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың жұмыс уақытының ұзаруына байланысты оларға төленетін еңбекақы мөлшерінің қалай есептелетіні туралы сұраққа:

Әрбір вахталық әдіспен жұмыс жасаудың мерзімі — 14 күн. Мекемелердің өзара келісімі бойынша жұмыс уақыты 28 күнге ысырылуы мүмкін. Жұмысшылардың еңбекақысы туралы айтар болсақ, әрбір мекеменің бұл мәселеге байланысты өз шешімі бар. Кейбір мекемелерде 14 күннен кейін 1,5 есе мөлшерінде еңбекақы төленіп жатса, ал кейбір кәсіпорындарда, яғни 28 күннен кейін жұмысшыларға дәл осындай мөлшерде төлемақы  беріліп жатыр. Әрбір мекемені бір-бірімен салыстыруға болмайды. Мәселен, мұнай-газ саласындағы мекемелер болса, біз мұндағы барлық кәсіпорын басшыларымен кездесіп, 14 күн вахталық мерзімнен кейін еңбек еткендердің жалақысын 1,5 есе мөлшерінде төлеу жөнінде келісімге келдік. Әрине, жұмысшылардың ұзақ уақыт жұмыс жасауы оңай емес. Екіншіден, ауыр жұмыс болғаннан кейін еңбекақы да оларға әділетті түрде төленуі тиіс. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жақында Жаңажол өңіріне барып, ондағы жұмысшылармен кездестік. Ондағы жұмысшылардың айтуынша, бір апта немесе он күннің ішінде еңбеккерлерге бір-екі күн демалатындай уақыт болуы керек. Әрине, біз бұл саладағы жұмыстың ауырлығын түсінеміз. Сондықтан вахталық мерзімі ұзартылған жұмысшыларға демалатындай жағдай жасалды. Қазіргі күні бұл мәселе облыстық штабтың ерекше бақылауына алынды, — деді Қайрат Бекенов.

Анар Даржанова төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге палата тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы айтты.

Бүгінгі күні кәсіпкерлердің қай саладада өз жұмысын жасауына мүмкіндігі бар. Бұл орайда мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіледі. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты бағдарламаларға қатысып, ауқымды тапсырыстар алуға жергілікті компаниялардың мүмкіндігі мол. Ең бастысы, құрылысқа өзіміздің өңірімізде өндіріліп жатқан материалдарды қолдануы керек. Қазіргі күні біз осындай компаниялардың бағдарламаларға қатысып, қаржыға қол жеткізуіне ықпал етіп, осы бағытта жұмыстанып жатырмыз. Бұл — кәсіпкерлер үшін бірден-бір мүмкіндік, — деді палата директоры.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button