Басты жаңалықтар

Шапағаты мол рамазан

Ертең, яғни 24 сәуірден Мұхамбет пайғамбар үмбеті асыға күтетін рамазан айы басталады. Биыл бұл оқиға қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр.

Алла Тағала адам баласын имандылық пен ізгілік жолы үшін жаратқан. Алайдакүнделікті қым-қуыт тірліктіңалды-артын бағамдай бермейтін пендені жел қуған қаңбақтай қып, сол жолдан алысқа жетелейтін сәттері көп. Исламда рамазан нәпсіңді тізгіндеп, рухыңды биік етуге, жаныңды кір-шаңнан сілкіп, тазартуға, бастапқы адамдық жолыңа, өз мақсат-мұратыңа адал болу үшін алды-артыңды тағы бір бағамдап алуға арналған қасиетті ай саналады. Әр сәтін жаныңа пайдалы, нұрлы шуақ қып сіңіру үшін бұл айда құлшылық амалдарын күшейту, түрлі сауапты істерді көбірек жасау көзделеді. Басқа айда әр қайырымды іске бір сауап жазылса, бұл айда он, тіпті жүз еселенген сауап жазылады.

Рамазанның басты құлшылығы — ораза

Рамазанда ауыз бекітіп, ораза ұстау — ақыл-есі дұрыс, балиғат жасынан озған әр мұсылманға парыз. Мұхамбет пайғамбар (оған Алланың шапағаты жаусын): «Кімде-кім рамазан оразасын иманмен және сауабынан үміт етіп тұтатын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі», — деген. Сондай-ақ ол осы айда ауыз бекіткен жандарды былай деп сүйіншілейді: «Адам баласының әрбір амалына оннан жеті жүз есеге дейін сауап жазылады. Алла Тағала айтады: «Тек ораза олай емес, оның қарымын Өзім беремін. Пенде рақатын, тамағы мен сусынын Мен үшін тәрк етті. Ораза тұтушыға екі қуаныш бар. Ауыз ашқандағы қуаныш және Раббысымен кездескендегі қуаныш. Ораза тұтқан жанның ауызынан шыққан иіс Алланың құзырында миск хош иісінен де жақсырақ».

Кімдер оразадан босатылады?

Рамазандағы ораза баршаға парыз саналғанымен, дінімізде оған шамасы жетпейтін жандарға ауыртпалық салмау көзделеді. Айталық, жолаушы адамдар, аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар аналар оразадан босатылып, оның қазасын кейін өтейді.

Сондай-ақ күні ұзын ас-сусыз жүруді денсаулығы көтермейтін (асқазан ауруы, қант диабеті, т.б. созылмалы сырқаты асқынған) және аяқ астынан сырқаттанып, дәрі-дәрмек қабылдап, емделіп жүрген жандар оразадан босатылады. Шариғат бойынша, адам баласы өмірін, денсаулығын қорғауға міндетті, сондықтан денсаулыққа зиян келетін жағдайда ораза ұстау үшін емді тоқтатпайды, керісінше, емделу үшін оразаны тоқтата тұрады. Ал денсаулығы дұрысталғаннан кейін, дәрігермен кеңесіп, оның рұқсатымен, оразаның қазасын өтей алады.

Үшінші топ — қариялар. Үлкен кісілердің ағзасы әлсіз келеді, сондықтан оларға ораза ұстамауға және оның қазасын өтемеуге рұқсат етіледі.

Қариялар мен ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын жандар оның орнын підиямен өтей алады. Підия дегеніміз — рамазанның әр күні бір мұқтаж жанды екі мезгіл тоя тамақтандыру. Оның орнына бір мезгілде 60 адамды тамақтандыруға немесе підияны ақшалай өтеуге де болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен биыл підия мөлшері әр күнге 1700 теңге болып белгіленген.Осы санды отыз күнге көбейтіп, шыққан қаржыны жоқ-жітікке (бір адамға тұтастай немесе бірнеше адамға бөліп) садақа түрінде беруге де болады. Підияны рамазан айы ішінде, қай күні өтесе де ерікті. Ал підия беруге де шамасы жетпейтін жан Алладан кешірім тілейді.

Сонымен қатар жұмысы ауыр болған жағдайда да оразаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл бұл жөнінде: «Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері (ұшқыш, дәрігер, т.б.) және ауыр жұмыс иелері (кенші, металлург, қауіпті нысанда істейтін құрылысшы, т.б.) ораза ұстауға шамасы жетпесе, оны кейінге қалдыра алады», — деп жазған.

Садақаның абзалы…

Пайғамбар (оған Алланың шапағаты жаусын) хадисінде: «Садақаның абзалы — рамазан кезіндегі садақа», — деп айтылғандай, әрине, басқа уақытта да қайырымдылық істерді мүмкіндігінше атқарғанмен, рамазан айында бұған екі есе жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қараған абзал.

Рамазан айындағы ізгі амалдардың бірі — ауызашар беру. Ауызашар беруде, әсіресе жоқ-жітіктің мұқтажын өтеу және туған-туыспен, пейілі ортақ дос-жаранмен қарым-қатынасты бекіте түсуді көздеу абзал саналады. Алла елшісінің өсиетінде: «Кімде-кім ризық-несібесі мол және өмірі ұзақ болуын қаласа, туыстық байланыстарды үзбесін», — делінген. Ал Құранның 19-аятында туыстық қарым-қатынасты сақтауға үндеп, үш жерде туыстық қатынасты үзген адамға қарғыс пен азап болатыны айтылған екен.

Биыл әлемде COVID-19 індетінің таралуына байланысты ҚМДБ мешіттерде,қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырып отыр. Бұл шектеу туған-туысты үйге жинауға да қатысты екені түсінікті. Дегенмен сіз сауап мақсатында ауызашар беруге жұмсалатын қаржыны мұқтаж жандарға жолдап, ал туған-туыспен қарым-қатынасты үзбеу үшін телефон, әлеуметтік желілерді күнделікті пайдалана аласыз. Есесіне, өз отбасыңыздағы ауызашарға, әсіресе балалар мен немерелер тәрбиесіне бұрынғыдан екі есе күш жұмсауға мүмкіндік бар. Отбасы — имандылық қазығы, туыстық қатынастардың бастауы. Биылғы рамазанды отбасы аясында өткізуіміздің өзін Алланың хикметі ретінде қабылдаған жөн.

Рамазан — Құран айы. Еліміздегі мешіттерде бұл айда Құран хатым ету дәстүрге айналған. Бұл биыл да жалғасады, бірақ шектеулерге байланысты мешіттер көпшілік үшін жабық болғандықтан, Құран хатымның тікелей көрсетіліміұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

Бұл айда бес уақыт парыз намазынан бөлек, тарауық намазын оқу, дұға-тілектерді күшейту көзделеді. Ауыз бекітердегі және ауызашар кезіндегі, сондай-ақ жалпы дұға-тілектерді намаз секілді араб тілінде жаттау міндетті емес, сондықтан оған әуре болмай, өз туған тіліңізде айтыңыз.

Рамазан айына тән пітір садақасы биыл ұнның орташа бағасы бойынша жан басына 370 теңге болып белгіленді. Ауқаттыотбасылар пітір садақаныұн емес, мейіздің бағасымен жан басына — 3920 теңге немесе құрманың бағасымен9400 теңге етіп өтеуіне болады. Пітір садақасын тікелей мұқтаж жандарға беремін деп шешсеңіз, алдымен өз айналаңыздағы — туған-туыс, көрші-көлем арасындағы, ауыл-аймақтағы жандарды ескеріңіз.

Оқырмандарымыз рамазанға қатысты көкейінде жүрген сауалдар бойынша облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне сағат 10.00 мен 19.00 аралығында мына телефон арқылы хабарласа алады:  8-700-095-09-00. Немесе «Ақтөбе» газетінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жолдауыңызға болады. Сондай-ақ«Нұр Ғасыр» мешіті биыл арнайы «Рамазан-2020» мобильді қосымшасын іске қосқалы отыр. Оны өз телефоныңызға PlayМarket арқылы жүктей аласыз. Бұл қосымшада әсіресе оразаны алғаш рет ұстағалы отырған жандарға қажет мағлұматтар барынша қамтылады.

Оразаларыңыз қабыл болсын!

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті ұсынған және muftiat.kz сайтының материалдары бойынша әзірлегенИ.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button