Әлеумет

Коммуналдық төлемге арналған 15 мың теңгені кімдер алады?

Президенттік қолдау

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін төлемақы мөлшерін азайтуды тапсырған болатын.

Тапсырманы орындау барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызметті жеткізушілермен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызметті төлеуді қарастыратын механизм әзірледі. Сөйтіп, карантинге жабылған өңірлердегі халықтың жекелеген санатына жататын тұтынушылардың абоненттік шоттарына коммуналдық шығыны үшін екі ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден аударылатынын мәлім етті.

Аталған төлемді кімдер алады? Министрліктің хабарлауынша, бұл төлемді 1,2,3 топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және осы санатқа теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер алады.

18 сәуірде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу тәртібі бекітілді. Министрлік өтінім қабылдауға арнайы жүйе барынша қысқа уақыт ішінде әзірлену керектігін тапсырған болатын.

Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік өтінімдерді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық ресурстар құру бойынша шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Нақтыланған соң бұл туралы қосымша хабарлайтын боламыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button