Спорт

Әлем чемпионы шеберлік сағатын өткізді

Әлем чемпионы Динара Сәдуақасова ақтөбелік шахматшылармен шеберлік сағатын өткізді.

Халықаралық гроссмейстер интеллектуалдық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушілерімен zoom қосымшасы арқылы байланысқа шықты. Шеберлік дәрісіне Аян Жарылғасов, Алмас Шудабай, Болат Құрманалин, Данияр Мырзабеков, Виктор Горбачев, Алан Петухов сынды болашағынан үміт күттіретін жас шахматшылар қатысты. Спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Жомарт Оразовтың айтуынша, аталмыш кездесуді «ҮйдеБол», «БізБіргеміз» қайырымдылық акцияларының аясында Мәдениет және спорт министрлігі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасымен біріге отырып ұйымдастырған.

— Динара Сәдуақасова рейтингте өзінен әлдеқайда жоғары тұрған халықаралық гроссмейстермен өткен қиын ойында шеберлік таныта білді. Әлем чемпионатындағы партия бір жарым сағатқа созылған болатын. Жерлесіміз жеңілген жағдайда әйелдер арасындағы Әлем чемпионы атағын иелене алмас еді. Шахматта ерлер мен әйелдер тең дәрежеде ойнамайды, бірақ қорытындысында жинаған ұпай санына қарай чемпиондарды жеке-жеке анықтайды. Біздің жас шахматшыларымыз аталмыш ойынды талдап, өз нұсқаларын ұсынды. Әлем чемпионы өз тактикасын көрсетті, бірақ жазып алуға рұқсат еткен жоқ. Біздің тәрбиеленушілеріміз онымен шеберлік сағатын қайта  ұйымдастыруды сұрады, — деді Жомарт Оразов.

Спорт мектебі алдағы уақытта еліміздің тағы бір беткеұстар шахматшысы Жансая Әбдімәлікпен онлайн дәріс өткізуді жоспарлап отыр.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button