Денсаулық

Жүректің жанашыры

Мерей

Қай салада болмасын білікті маман халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Ақтөбе медицина институтының түлегі, облыс медицинасының дамуына үлес қосқан ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты Бекболат Жолдиннің есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №2 ішкі аурулар кафедрасының профессоры, жоғары санаттағы терапевт, кардиолог Бекболат Құлжанұлы еңбек жолының негізгі бөлігін кардиология саласына арнады. Жүрек, қан-тамыр ауруларына шалдыққан науқастарды емдеп, шәкірт тәрбиеледі. Білікті дәрігер биыл жетпіс жасқа толып отыр.

Ұстаздар ұлағаты

Бекболат Құлжанұлы Байғанин ауданының Алтай ауылында дүниеге келген. Әкесі Құлжан көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында зоотехник болып қызмет атқарса, анасы Іңкәш —білім беру ісінің үздігі, шәкірт тәрбиелеп, өз ісін мінсіз атқарған ұстаз.  Екеуі  сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Оның үшеуі медицина саласын таңдады.

Мектепті алтын медальмен бітірген Бекболат 1966 жылы Ақтөбе медицина институтына түседі. 1972 жылы оқу орнын бітірген соң, жолдамамен Арқалық қаласына аттанады. Дәрігердің алғашқы еңбек жолы осылай басталды.Кейін 1975-1977 жылдары Ақтөбе медицина институтының госпитальдік терапия кафедрасында клиникалық ординатурада оқыды.1979 жылы институтқа қызметке орналасып, терапия кафедрасында ассистент, доцент болды, кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. 2002 жылы университетдәрігерлерінің білімін жетілдіру факультетінің деканы болып тағайындалды.

Бекболат Құлжанұлы студенттерге сабақ бере жүріп, ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Негізгі зерттеген тақырыбы — созылмалы жүрек әлсіздігіне әкеліп соғатын қауіпті факторлар және клиникалық фармакология. 1998 жылы Мәскеуде ғылыми диссертациясын қорғады. Дәрігердің бұл тақырыпты таңдауына институттағы ұстазы, госпитальді терапия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рина Михайловна Заславская ықпал етті. Ол — жүрек-қан тамыр аурулары бойынша хронотерапияның негізін салушылардың бірі. Білікті ұстазды институттың сол уақыттағы ректоры Төрегелді Шарманов Мәскеуден арнайы шақыртқан.

Ұстазымның ғылыми үйірмесіне қатысып жүріп, осы саланы тереңірек зерттеуге ден қойдым. Ғылыми еңбегіме Рина Михайловнаның  өзі жетекшілік етті. Қазір ол кісінің жасы тоқсаннан асты. Мәскеуге барған сайын үйіне барып, жағдайын сұраймын. Ақтөбедегі кардиологтардың сексен пайызы Рина Михайловнаның  шәкірттері десем артық болмас. Барлығы сол кісінің дәрісін тыңдады.

Жалпы жақсы ұстаздың қай уақытта да шәкіртіне жаны ашиды, оның өмірден өз орнын табуына жол көрсетеді. Қиындықта жөн сілтейді. Мен кардиология саласын таңдап, қандайда бір жетістікке жетсем, Рина Михайловна сияқты ұстаздарымның берген білімі мен ақыл кеңесінің арқасы. Институттың ғалымдары Қыдырқожа Жаманқұлов, Қайырғали Ахметов секілді білікті мамандар маған жол сілтеді. Еңбек жолымда да жақсы адамдар кездесті. Елімізге белгілі дәрігер, профессор, ғалым Тельман Сейсенбековпен Арқалық қаласында жұмыс жасап жүргенде таныстым.  Арқалық пен Қарағанды қаласының арасы жақын, ол кісі ауруханаға жиі келеді. Жас маман болғаннан кейін кеңесін айтатын. Сол кездегі Торғай облысының бас терапеві  Рысқұл Қасымовты да бағыт берген ұстаздарымының бірі деп санаймын, — дейді Бекболат Жолдин.

Білікті ұстаздардан тәлім алған Бекболат Құлжанұлы өзі де жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен ғылыми диссертациялар қорғалды. Шәкірттерінің алды қазір Германияда еңбек етіп жатса, соңғылары Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысып жүр.

 Тынымсыз тірлік

Ауыл — алтын бесік.Ұлттық тамырдан нәр алған бала қашанда бауырмал келеді. Басы ауырып, белі сырқыраса, ауылдастары алдымен Бекболатты іздейді. Бұндай кезде ол көмектен тартынып қалған емес.

Ауылымыздан шыққан дәрігер деп көмек сұрап, кеңес алуға келетіндер көп. Мүмкіндігім келгенше көмек беріп, ем жасаймын. Ілгеріде ауруханада жұмыс жасап жүргенімде әріптестерім қалжыңдайтын. Таңертең ауруханаға түскен әрбір науқасты қарап, қандай сырқатқа шалдыққанын анықтаймыз. Осындай кезде әріптестерім «диагнозы — Байғанин» деп әзілдейді. Ауруына шипа іздеген кез келген адамнан көмегімді аяған емеспін, — дейді кардиолог.

Бекболат Құлжанұлы санитарлық авиацияда еңбек еткен жылдары еліміздің батыс өңірінің барлығын аралап, науқас жандарға көмек берді. Қырық жылдан бері Ақтөбедегі №1 перзентханада кардиолог-кеңесші болып жұмыс жасайды.

Жүкті әйелдер арасында жүрек-қан тамыр аурулары жиі кездеседі. Сәби күтіп жүрген аналарға нақты диагноз қойып, жедел көмек көрсету— үлкен жауапкершілік. Сондықтан тәуліктің қай уақтында шақырса да перзентханаға барып, кеңес беремін, — дейді дәрігер.

Қазіргі таңда жүрек-қантамыр ауруына шалдыққандар көп. Дәрігер оның барлығы салауатты өмір салтын ұстанбаудың салдары екенін айтады. Қозғалыс дегеніміз —өмір. Аз қимылдап, көп тамақ ішу —жүрек ауруына апарар «төте» жол.

— Әлем коронавируспен күресіп жатыр. Аурудан сақтанудың жолы — оқшаулану. Қазір ғалымдар індет кезіндегі жүрек-қантамыр ауруларыбойынша ғылыми тұжырымдамалар жасауда. Қытай, Италия және Америкадағы жағдайды саралаған ғалымдар коронавирус жұқтырған адам бұрын жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққан болса, ауырсыну жоғары болатынын айтуда. Сондықтан елімізде мамандардың 65 жастан асқан азаматтарға үйден шықпау туралы кеңес беруі дұрыс шешім. Ресейдегі әріптестеріммен бейнебайланысқа шығып, пікір алмасып отырамын. Олар да осы мәселеге баса назар аударуда, — дейді Бекболат Жолдин.

Бекболат Құлжанұлының зайыбы Галина Хамиқызы да жоғары санатты спорт дәрігері. Екі ұлы да әке жолын таңдады. Әнуар анестезиолог болса, Артур — хирург. Келіндері Құралай мен Эльвира да дәрігер. Қызы Гүлнара ғана информатика магистрі.

Дәрігердің ұзақ жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ. Денсаулық сақтау саласындағы еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісіндегі үлесі үшін «Ы.Алтынсарин»төсбелгілерімен марапатталды. 2012 жылы Қазақстан кардиологтары қауымдастығының «Ақ жүрек» белгісі және «Кардиология саласының қайраткері» атағына ие болды.

Сондай-ақ Бекболат Жолдин —Қазақстан кардиологтары қауымдастығы облыстық филиалының директоры, Еуропа және Ресей кардиологтар қоғамының мүшесі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас клиникалық фармакологы.

Ол  басқарып отырған дәрігерлердің білімін жетілдіру факультеті кардиология мен терапия кафедрасы — Қазақстанның батыс аймағындағы жетекші емдеу-диагностикалық және әдістемелік орталық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button