Жаңалықтар

42500 теңге: 216 мың өтініш, 5 миллиард теңге қаржы

Тікелей эфир

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылуына байланысты Ақтөбе облысы аумағындағы шектеу шаралары да сәуірдің соңына дейін жалғасады. Ал Ақтөбе қаласы бойынша карантин режимі өз күшінде қалады. Бұл туралы сейсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов «Aqtòbe» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында хабарлады.

Кешкі сағат  22:00-де тікелей эфирде өткен шараға облыс әкімінің бірінші орынбасарымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова да қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.

— Қазір өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Барлық стационарларда, инфекциялық ауруханаларда 270-тей адам бақылауда. Бүгінгі күні 2 науқас жазылып үйге шығарылды. Дегенмен дәрігерлер үнемі бақылап отыр. Ал қалған науқастардың жағдайлары қалыпты. Барлық  жердегі блок-бекеттер жұмысы қайта күшейтілді. Әсіресе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен шекаралас Ойыл, Байғанин аудандарының, Қызылорда облысымен шекаралас Ырғыз, Шалқар аудандарының кейбір елдімекендерінде күшейтілген шектеулер қойылды, — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары төтенше жағдай кезеңінде облыс бойынша 325 құқықбұзушылық анықталғанын айтты.

Бұдан соң олар тікелей эфир мен әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Тікелей эфирге алдымен хабарласқан Кеңес Нокин елді мекенінің тұрғыны өзінің ІІІ топ мүгедегі екендігін айтып, мемлекеттен ай сайын берілетін 32 500 теңгенің дәрі-дәрмегінен ауыспайтынын жеткізді. Бұған дейін қаладағы жұмыспен қамту орталықтарына сан мәрте барған тұрғын ол жердегілерден нақты жауап ала алмағанын айтады. Тікелей эфир арқылы ол облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысынан өзіне қандай көмек барын сұрады.

— ІІІ топ мүгедектері жұмысқа қабілетті топқа жатады. Елдегі төтенше жағдай режимі аяқталған соң біздің басқармаға келіңіз. Жұмыстың ретін қарастырамыз. Ал дәл қазіргі уақытта ІІІ топтағы азаматтарға республикалық бюджеттен берілетін 5567 теңге, облыстық бюджеттен берілетін бір реттік 20 мың теңге тиесілі, — деп жауап берді Бұлбұл Елеусінова.

Бағдарлама қонақтарына әлеуметтік желі арқылы сұрақ жолдаған көрермендердің бірі сәбиі 2 жасқа толған декреттік демалыста отырған әскери қызметші екенін, көпбалалы ана ретінде жәрдемақы алып отырғанын айтып, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42 500 теңгенің өзіне қаншалықты тиесілі екендігін сұрады.

— Сіз егер атаулы көмек алмайтын болсаңыз, төтенше жағдай кезеңінде берілетін 42 500 теңгеге өтініш бере аласыз. Бірақ ол үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеуіңіз қажет, — деді Б.Елеусінова.

Ал күйеуінің де, өзінің де жұмыссыз екенін, 42 500 теңгеге өтініш бергенін, бірақ 10 күннен бері ешқандай хабар ала алмай отырғанын айтып хабарласқан тұрғынға басқарма басшысы:

  • Бүгінгі таңда өтініш жіберудің электронды түрде бірнеше нұсқасы бар.Сіз өз өтінішіңізді 42500.enbek.kz сайты арқылы анықтауыңызға болады. Егер «сіз үшінші санатында тұрсыз» деген хабарлама көрсеңіз, ол төлемге жіберілді деген мағынаны білдіреді. Халықтың өте көп өтініш беруіне байланысты төлемдердің уақытынан кешігіп жатқан жайы бар. Сондықтан кішкене күткен жөн, — деді.

Ал тікелей эфирге өзінің жеке көлік жуу бекеті барын айтып, оның жұмысын қайта жалғастырудың жайы қалай болатынын хабарласқан тұрғынға:

— Көлік жуу бекеттері мәселесі бұған дейін де қаралып жүр. Бірақ бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша бұл тоқтатылуы тиіс орындарға жатады. Қазір жаз мезгілі болғандықтан, көлік қозғалысы бар, қалада көгалдандыру жұмыстары басталады. Сондықтан көшедегі көліктер лас болса, бүгінгі жасап жатқан жұмыстарымыздан еш нәтиже болмайды. Көлік жуу бекеттерінде адам айтарлықтай көп шоғырланбайды және көше тазалығына да әсер етеді. Бұл тұрғыда қала әкімінің өзінен де ұсыныс болды. Штаб тарапынан қарсылық болған жоқ. Оны қала әкімінің қарауына жібердік. Осы аптаның ішінде өзгеріс жасалып қалуы мүмкін. Бірақ бұл рұқсат барлық көлік жуу орындарына беріледі деген сөз емес. Жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгенімен, өзіндік шектеулері болады, — деп жауап берді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

— АқтөбегечартерлікрейспенПольшадан бірнеше студент келді. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылып жатыр.Бұған қатысты не айтар едіңіз? —  деген тележүргізуші сұрағына облыс әкімінің бірінші орынбасары:

— Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан алаңдаушылық бар екені түсінікті. Соңғы бір айдың ішінде еліміздің бірнеше қаласына осындай рейстер келіп жатыр. Өткенде Тараз қаласына Үндістаннан келсе, бүгін Петропавл қаласына Сауд Арабиясынан ұшып келді.  Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайды барлығымыз жақсы көріп-біліп отырмыз. Осыған байланысты әр өңірдің логистикасына қарай әуе рейстері жасалып жатыр. Келіп жатқандардың барлығы Қазақстанның азаматтары. Ақтөбеге Польшадан 149 студент келді. Оның 7-еуі — ақтөбелік. Қалғандары еліміздің өзге облыстарының тұрғындары. Ұшақтан түскен бойда барлығын тексерістен өткізіп, арнайы орындарға апарып жайғастырдық. Медициналық тексерістің нәтижесі барлығында да ойдағыдай, жақсы болып шықты. Енді қазір өңірлеріне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 33 студент бірден Шымкентке ұшып кетсе, Орал, Атырау қаласының студенттерін бір автобуспен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары мен Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының студенттерін бір автобуспен жібердік. Маңғыстаулық студенттер таңертең жөнелтіледі. Біз оларды шекараға дейін жеткіземіз, әрі қарай әр облыс өздері көлік ұйымдастырып, алып кетеді. Ал ақтөбелік студенттер сынама нәтижелері жақсы болса да 14 күн бақылауда болады. Бұл жерде барлығымыз түсіністік танытып,санитарлық талаптарды сақтауымыз қажет, — деп жауап берді.

Тікелей эфир барысында бүгінгі күннің тәртібінде тұрған 42 500 теңгеге қатысты сұрақтар өте көп қойылды. Сонымен қатар «бірыңғай жиынтық төлемді не үшін төлейміз, қоғамдық көлік қозғалысы біздің жұмыс уақытымызбен сәйкес келмейді, айсайынғы еңбекақымызды уақтылы ала алмай жүрміз» деп хабарласқан тұрғындар көп болды. Сауал жолдаған барлық азаматқа тікелей эфир барысында нақты жауаптар берілді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша 216 мыңға жуық адам 42 500 теңгеге өтініш берген. Оның 113 мыңына, яғни 50 пайызына төлем бойынша шешім шығарылса, қалған 50 пайызының құжаттары түрлі себептер бойынша кейін қайтарылған. Бұл тұрғыда тек Ақтөбе облысы бойынша ғана қордан 5 миллиард теңге қаражат жұмсалыпты.

— Жасыратыны жоқ, өтініш беріп жатқандар қатарында жалақыдан шеттелмеген мемлекеттік қызметшілермен қатар, білім саласының мамандары да бар. Сондай-ақ қайтыс болған адамның құжатын пайдаланып өтініш беріп жатқандар мен өзге республикаға қоныс аударған азаматтар да жетерлік. Өзіне түскен қаражаттың заңсыз екенін біліп, оны кейін қайтарудың қандай жолдары барын сұрап жатқан жандар да кездесіп жатыр. Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақты ақпарат таратты. Мен бір ғана мәселені айтқым келеді. Бұның да артында үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан егер қаржының өзіңізге тиесілі емес екендігін біліп тұрсаңыз, қорға қайтарған жөн, — деді басқарма басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button