Білім

Студентке тиесілі ме?

Жаңа форматтағы білім берудің жағдайы туралы сейсенбі күні облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бұлбұл Күзембаева мен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева «Aqtòbe» телеарнасында өткен «Індет пен міндет» бағдарламасында айтты. Тікелей эфирде көрсетілген бағдарламада @Aqtobe_press инстаграм парақшасынан да қойылған сауалдарға жауап берілді.

Біздің облыстың мектептеріне қашықтан оқытудың екі тәсілі енгізілді. Жалпы алғашқы оқу аптасы сәтті аяқталған.

Тікелей эфир барысында Бұлбұл Күзембаева министрліктің шешімі бойынша еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 9-сыныптардың балалары қорытынды аттестация емтихандарынан (4 пәннен), ал 11-сыныптардың оқушылары мемлекеттік қорытынды аттестатау емтихандарынан (5 пәннен) босатылғанын айтты. Сондай-ақ ол төртінші оқу тоқсанында бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалаудың мамыр айында бір-бірден ғана өткізілетінін жеткізді. Өз сөзінде Бұлбұл Күзембаева балалардың құқығы қатаң сақталатыны жіті бақылауда екенін де айтты.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде балаларға отбасының тарапынан, ата-аналардың тарапынан қысымдар көрсету, түрлі жазалау әдістері туралы бейнежазбалар таратылып жатыр. Баланың құқығы бұзылған жағдайда ата-ана болсын, заңды өкілі болсын, заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл қатаң бақылауда. Сол себепті олардың абай болғандары жөн, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ата-аналар тарапынан «42500 теңге көлеміндегі жәрдемақылар студенттерге де тиесілі ме?» деген мазмұндағы сауалдар көп түседі екен. Ләззат Оразбаеваның айтуынша, 42500 теңге кез келген студентке тиесілі емес. Тек заңды тіркеліп, сол бойынша қызмет көрсету орталықтарында (мейрамхана, дәмхана, т.б.) жұмыс істеген студенттерге ғана жәрдемақы беріледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button