Жаңалықтар

Ақтөбелік кәсіпкерлердің 11 миллиард теңге несие қаражаты кейінге қалдырылды

Тікелей эфир

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен «Атамекен» облыстық  кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова «Aqtòbe» телеарнасының «Індет пен міндет» хабарында карантин кезіндегі бизнесті қолдау шараларына қатысты аймақта атқарылып жатқан жұмыстар турасында айтты.

Индустриалды-инновациялық өңірдің негізгі өнеркәсібін, өндірісін, жалпы экономикасын осындай шақта дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қайрат Бекенов:

— Қазіргі таңда облыс экономикасын дамытудың 20 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін мораторий жарияланды.Қалыптасқан жағдайға байланысты аймақтағы ірі өндіріс орындары, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын мекемелерге созылмалы жұмыс тәртібі енгізілді. Карантин енгізілгенге дейін осындай барлық ірі мекемелерге мәлімдеме берілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мұнай-газ және тау-кен саласындағы ірі мекемелердің басшыларымен тікелей кездесіп, оларға мән-жайды ескерткен болатын. Біздер осындай ірі кәсіпорындардың арасында талдау, зерделеу жұмыстарын жүргізген кезде кейбір мекемелерде вахталық ауысымдардың ауыстырылмағанын білдік. Егер жұмысшылар 15 күннен артық жұмыс жасайтын болса, онда заң аясында олардың еңбекақысы 1,5 есе үстемеақы мөлшерінде төленуі тиіс. Бұл мәселе бізде бақылауымызда тұр, — деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі күні облыста ірі мекемелердің үздіксіз жұмыс жасауына басымдық беріліп отыр. «Мұндай мекемелерге азық-түлік, болмаса өндіріске қатысты заттар әкелу қажеттігі туындауы мүмкін. Бұл мәселе де оңтайлы шешілуде. Яғни облыстағы ірі кәсіпорындардың тізімі алынды, оның үстіне «Сергек» электронды базасына енгізілді. Штаб аясында мұндай мекемелерге қолдау шарасы көрсетіліп жатыр», — деді Қайрат Бекенов.

«Төтенше жағдай кезінде шектеу шараларына байланысты аймақта кәсіпкерлердің жағдайы қандай күйде?» деген сауалға Анар Даржанова:

— Аталған жағдайға байланысты «Атамекен» палатасының сall-орталығына кәсіпкерлер тарапынан түскен сауалдарға талдау жасалған болатын. Бастапқыда кәсіпкерлерді «енді біздің алдағы уақыттағы жағдайымыз қалай болмақ?» деген мәселе алаңдатқаны рас. Өткен екі аптада мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге мейлінше  қолдау танытуға байланысты көптеген іс-шаралар қолға алынып, осы бағыттағы жұмыстарға өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, салық төлеудегі жеңілдіктермен қоса, сауда орталықтарында кәсіпкерлердің жалға алатын орындарына төлемақыны 30-70 пайызға дейін азайту сияқты жұмыстар атқарылды. Сол сияқты кәсіпкерлердің несие төлемін кейінге қалдыру мәселесі де мемлекет тарапынан оң шешімін тапты. Бұл бағытта біз екінші деңгейлі банктермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан несиені кейінгі қалдыру бойынша 765 тапсырыс түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 11 миллиард теңгенесие қаражаты бойынша 694 тапсырыс мақұлданды. Яғни кәсіпкерлер үшін 1-3 айға дейін несиені кейінге қалдыру мерзімі қарастырылды. Қазіргі таңда күн сайын кәсіпкерлерді алаңдатқан өзекті мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, — деді палата директоры.

Тікелей эфир барысында олар көрермен сауалдарына жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button