Басты жаңалықтар

Курсанттар қылмыстың алдын алды 

Күн сайын әуе қорғанысы күштері әскери институтының 40-тан астам курсанты мен сарбаздар полицейлермен бірге Ақтөбе қаласының аумағында рейдке шығады. Карантин кезінде күшейтілген режимге көшкен олар тәртіпті сақтауға, заңбұзушылықтың алдын алуға жұмылдырылады. 

Айталық, Бейбітшілік көшесінің бойында әскери қызметкер Иван Ильчук пен курсанттар Роман Утсейітов,  Диас Шаменов сондай кезекшіліктің бірінде ащу суды асыра ұрттаған ер адамды байқайды. Оның көзге қораш көрінген қылықтары — тәртіп сақшыларынан жасырынуға тырысқаны тіптен күдікті үдете түседі. Онысы бекер емес екен, ұсталған азаматты тінту барысында ас үй пышағы табылады. Суық қару тәркіленіп, ал оның иесі бөлімшеге жеткізілді.

Сол күні Тургенев көшесін аралаған болашақ ұшқыштар металл ұрлығының да алдын алды. Полиция лейтенанты Ғизат Байсеркешев пен курсанттар Мадияр Әбдірахымов, Бекзат Сапаровтың назарын Ұлттық гвардияның әскери бөлімшесінің қоршауын айналшықтап жүрген жігіт аударады. Сырттай бақылаған арнаулы жасақтағылар әлгінің көп ұзамай металды белгісіз құралмен кесе бастағанын көріп, осылайша, қылмыстың үстінен түседі. Іле-шала бұл заңбұзушы металл өткізетін жерге «олжасын» өткізуді жоспарлағанын айтып, ағынан ақтарылады. Тәртіпсіздікке барған ол Ақтөбе қалалық полиция бөліміне тапсырылды.

Әскерилердің жасағы 28 наурыздан бастап екі ауысымда осындай жұмысын жалғастырып жатыр. 20 әскери қызметкер мен 40 курсант осы уақыт ішінде 60-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық пен 1 қылмысты анықтады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button