Мәдениет

«Ор толқыны» онлайн-концертін өткізді 

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан онлайн-концерттер кезегі отбасылық ансамбльдерге келіп жетті. @Аktobe_ocnt инстаграм парақшасы арқылы бұл жолы тікелей эфирдегі концертін Мырзахметовтердің «Ор толқыны» отбасылық ансамблі жалғастырды.

Хромтаудың мәдениеті мен өнерін айтқанда, Мырзахметовтер отбасылық ансамблінің ойға келетіні сөзсіз. Ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы Бөгетсай ауылында тұрады. Ансамбль 2000 жылы құрылды. Ансамбль мүшелері 7 адамнан құралған. Жетекшісі — Жаңаберген Токин. Қазіргі таңда Жаңаберген Мырзахметұлы Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарады. Биыл құрылғанына 20 жыл толған отбасылық ансамбль бірлігінің арқасында өнерді өрістетіп, өрге сүйреп келеді.

Мырзахметовтер отбасылық ансамблі онлайн-концертінің бағдарламасына сәйкес сазды сәлемдерін ансамбль мүшелері Жаңаберген, Жеткерген, Нұрсұлтанның орындауында  «Армысыздар, адамдар», «Бөгетсайым» әндерімен  ашты. Келесі кезектегі Абайдың «Көзімнің қарасы» әні тікелей эфирдегі концерттің қызығын асыра түсті.

Сондай-ақ бағдарлама жерлес ақын Ж.Қожабекованың сөзіне жазылған С.Айтжановтың «Жасай бер, Хромтауым» әнімен өрнектеліп, Ш.Қалдаяқовтың «Шынарым», К.Өтептің «Гүл сыйлайық әйелге» және «Біз біргеміз» әндерімен қорытындыланды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button