Жаңалықтар

Індет: қазақты салт-дәстүр сақтап қалды… 

Күллі әлемге қасірет төндірген, жер-жаһанды жайлап, мыңдаған, миллиондаған адамдарды жалмаған қатерлі вирустар тарихта аз болмаған. Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырда шешек індетінен шамамен 300-500 миллионға жуық (!) адам қырылып қалған. Шешекті адамзат толықтай жеңген (1979 жыл), мүлде жойып жіберген әзірге бір ғана індет түрі десек те, оның шығу тарихы тым әріде (б.з.д. V-VIII ғ.ғ). Яғни ауыздықтау оңайға түскен жоқ. Халық «ұлы жұт» деп атаған оба да әр ғасыр, әр жылдары ел-жұртты қырғынға ұшыратты. Індеттің атын атамай, «жаман ауру», «қара өлім», «қара тажал» деп аталған оба, шешек, тырысқақ, сүзек, безгек, қызылша секілді қауіпті жұқпалы аурулар қазақ даласын да айналып өткен жоқ. Талай адамның өмірін үзді…

Біз көпті көрген, ел сыйлаған қадірлі ақсақал, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Н.Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты, ардагер ұстаз Нағашыбай Ердәулетовпен соғыстан кейінгі жылдары қазақ жеріне кең тараған қызылша індеті туралы сөйлескен едік. Сонымен…

Індет інімді жалмады…

 Әлі есімде 1946 жылдың аяғы мен 1947 жылдың басында Ырғыз жерінде қызылша індеті кең жайылып кетті. Бұл дерткенегізінен балалар шалдықты. Әсіресе, нәрестелер, сәбилер көп кетті өмірден. Мектепке дейінгі жастағы көп балапандардың өмірі қиылды. Бастауыш, орта буында оқитын көптеген балалардың да қатары тым сиреп кетті. Сол тажалдың кесірінен менің туған бауырым Қуанышбайдың да демі үзілді. Ол кезде інім 5-сыныпта оқитын-ды.

…Бұл соғыстан кейін халықтың еңсесін тіктей алмай жатқан кезі ғой. Оның үстіне қалың бұқараны ауру титықтатты. «Халық жауының тұқымы» деген қисынсыз жаладан көрінгенге көзтүрткі болған біздің отбасының тұрмысы тіптен ауыр-тын. Әкеден қалған төрт ұл едік. Әкем Ердәулет Шыңғысұлы 1937 жылы қыркүйекте «халық жауы» деп ұсталып кетті. Сол жылы желтоқсан айында ату жазасына кесілді. Әкем алаштың арыстары, көрнекті қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетовтермен жақын аралас болған. Ол кездері әкемді Табын ауданына (қазіргі Байғанин ауданы) жер бөлімінің бастығы етіп жіберген. Әкемнің басынан қиқу кетпеген де сол тұс. Кеңес жендеттері: «Халық жауларымен» сыбайлассың, қызметіңді пайдаланып, Алматыға барып, Құлымбетовпен байланысқансың» деген секілді жазықсыз жалалар жауып, ақыры атып тынды. Маңдайымызға «Халық жауының балалары» деген қасіретті қара таңба басылды. Ауыл халқы түгілі, етжақын ағайын-туыстардың өзі бізбен ашық сөйлесуге қорықты. Шетқақпай болып өстік. Қысымның салдарынан біраз жыл әрі-бері сенделіп, әр ауылға көшіп-қонып жүрдік. Туған жерім Ырғыз ауданындағы қазіргі Жаныс би ауылынан (бұрынғы Калинин колхозының фермасы)түртпекке ұшырап, амал жоқ, Шалқар астық. Одан 1941 жылы соғыс басталды. Сол жылы қайтадан елге, аудан орталығы Ырғызға көштік. Ондағы жағдайымыз мәз болмай, туған жерге келдік. Дегенмен онда да жағдай болмай, 7-8 айдан кейін  қайтадан Ырғызға көштік. Сөйтіп тұрмыстан әбден теперіш көрген анам амал жоқтықтан ағайындардың үйін паналай тұруымызды қолайлады.Ағам Мұханбет пен кіші інім Сабыр (1937 жылы дүниеге келген інімнің атын әкем сабыр сақталып, жазықсыз қуғын-сүргін аяқталар деген үмітпен Сабыр деп қойған-ды) анамның қасында қалды. Мен Коминтернде нағашыларымның қолында болдым. Ал інім Қуанышбай немере ағамыздың үйін паналады. Бәрі күнкөрістің қамы. Біздің қазақтың нанға тойған кезі 1956 жыл ғой. Сол жылы Қазақстан тың және тыңайған жерлерді игеруден алғаш рет миллиард пұт астық алып, бір серпіліп қалған-ды…

Сөйтіп, ағайынды төртеуміз жан-жақта, жақын-жуықтарды сағалап жүрген кезде басымызға тағы да азалы, қаралы күн туды…

Інімнің ауырып жатқанын үйдегі үлкендерден естідім. Ол Арал колхозындатұрды. Аталған ауыл мен тұратын Коминтерн колхозына жап-жақын. Шамамен 5 шақырымдай болады (Осы екі ауылға ортақ бір-ақ мектеп Коминтернде орналасқан). Нағашыларым көрші ауылдағы туысқандарымыздың үйіне бармау керегін құлағыма құйып қойған. Сонда да кейде «сабақтан шыққан соң жүгіріп барып қайтсам қалай болар екен» деп талай рет оқталғаным бар. «Мені көрсе, інім қуанып қалар еді. Менің онда кеткенімді кім байқай қояр дейсің» деп ойлаушы едім. Дегенмен бір тылсым күш еркіме жібермеді. Көп ұзамай інім қайтыс болды. Інім тұрған үйдің, яғни немере ағамыздың Қартаңбай деген баласы да қызылшадан көз жұмды.

Анамның қасында қалған екі бауырым да қызылшамен ауырған. Бірақ бір Алланың құдіретімен жазылыпты. Әсіресе, інім Сабырдың жағдайы тым ауыр болыпты. Үйдегілер көп ұзамай, дәм-тұзы таусылады деп ойлаған. Үйдің ішін шимен бөліп, оқшаулап ұстаған.

Індеттен мен де аман қалдым. Ауырған жоқпын.

Сол кезде жұрт «қызылшаны қызыл матаға орап қойса, ем болады» деп сенді. Дегенмен қызыл мата қайдан болсын. Басқа емі болған жоқ. Ақыры індет өзінен-өзі кетті. Қызылша денеге қызарып, бөртіп-бөртіп шығады. Бірнеше күн өткеннен кейін науқас баланың денесінен бөртпелер жоқ болып кетсе, онда үміт үзілетін. «Ауру ішке түсіп кетті, көп ұзамай одан айырылып қаламыз» деп күйзеліп, қайғыратын.

Жалпы сол жылдары қызылша Ырғызды тұтас қамтыды.

Бет-ауызымызды сумен бір-ақ рет сыйпайтынбыз…

Қазір дәрігерлер, санитарлар қолды әлсін-әлсін жуу керектігін, антисептикті де жиірек қолдану қажеттігін айтып жатыр ғой. Әрине, тазалық, сақтық шараларын күшейту керек. Бұл — дұрыс.

Менің таң қалатыным, қызылша кең жайлаған жылдар түгілі, басқа кезде де көпке  дейін қазақ сабынсыз-ақ тірлік етіп келді. Дегенмен қалың қазақ сол қол жумаудың кесірінен қырылған жоқ. Менің бала, жас кездерімде, біріншіден, ауылда сабын болған жоқ. Екіншіден, қара сумен де қайта-қайта қол жуа бермейтінбіз. Қазан-аяқ басындағы әйелдер,мүмкін, қолдарын жуған шығар. Ер адамдар ертеңгісін бет-ауызымызды сумен бір-ақ рет сыйпаймыз да қоятынбыз. Әсіресе, күзде көп жағдайда жуына да алмаушы едік. Өйткені су салқын болады. Оны жылыту да оңай шаруа емес-тін. Бетперде жасайтын мата түгілі, дәкенің өзі қат болатын.

Бір құдірет бары анық. Сол сақтап қалды. Дана халқымызда «Жазмыштан озмыш жоқ» деген нақыл бар. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлетінінің де» бекер еместігін өмірден түйдік.

«Үйден шықпа» деген қағида бұрыннан бар

Қазақты сақтап қалған тағы бір жағдай — үлкендердің тыйымы. Расында, біз үлкен кісілердің айтқандарын бұлжытпай орындаудың арқасында аман қалдық. Әйтпесе, ол кездері емдейтін дәрігер де, емделетін орталық та жоқ.

Бірауыз сөзге тоқтадық. Тыйым салғаннан тартынды. Ол кезде халық ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанды. Мұның ықпалы күшті болды. Көпті көрген ақсақалдардың, асыл әжелердің,беделді, аузы дуалы кісілердің бір-ақ ауыз сөзі бар мәселені шешкен. Індет жайылған кезде де солай. Халық үлкендердің, ақсақалдардың сөзіне ұйыған. Солардың айтқаны — заң. Олардың айтқанын орындамау, тіл алмау секілді оғаш әрекет болмаған. «Көргенсіз» деген сөзді естуден қорыққан. Себебі, қазақ бала кезден адамгершілік пен ізеттілік секілді ізгі қасиеттерді санасына сіңіріп өсті.

Тарихта қазақ даласында түрлі індеттер әр кезеңде болып тұрған. Қазақта жеті жұт деген бар. Сол жеті жұтқа ел арасына кең жайылған індетті де жатқызған. Мүмкін, содан да болар,небір қиындықты бастан өткерген үлкен кісілер аурудан сақтанудың басты шарасы — оқшаулану екенін де жақсы білген. Сол себепті де «үйден шықпа» деген қағиданы ата-бабаларымыз да берік ұстанды. Яғни қазақта індет жайылған жерге бармау, баруға тыйым салу — бұрыннан бар. Біреудің үйінде біреу жұқпалы дертке шалдықса, ол үйге қарай ешкім аяқ баспайды. Бұл үшін оларды сол науқасқа шалдыққан адамның үйіндегілер де сөгіп, жазғырмайтын. Ол үйдің адамдары да, барынша, мүмкіндіктерінше сақтанып, ауру адамды оқшау ұстауға тырысады.

Ата-бабаларымыз індеттің атын атамаған. Ондағы мақсат — ауру кең тарамасын, көбейіп кетпесін деген ой. Көбіне «жаман ауру» деп атаған.

Бәленің бәрі баланы еркіне жіберуден басталады

Ойын баласына үйде отыру да азап қой. Үйден шығуға тыйым салынған кездері «балалар ойнап жүр ме екен»деп терезеден далаға әлсін-әлсін қарайтын едік. Бірақ ешкім көзге көрінбейтін…

Қазір көп ата-ана баласына айтқанын тыңдата алмайды. Көбісі бала тәрбиелеуді білмейді. Соның салдарынан ата-ана балаға ие бола алмай қалды. Бәленің бәрі баланы еркіне жіберуден басталады. Бала не айтса, соны қалайда ата-анасына орындатады. Бұрын біздің кезімізде ата-ананың сөзін екі айтқызбаушы едік. Олар жоқ болса да, тыйым салған нәрсені істемейтін едік, «ойнама» десе олар қасымызда жоқ болса да ойнамайтынбыз, «барма» деген жерге мүлде жоламайтынбыз. «Күлді баспа, кір суды баспа» десе сол жерлердің бәрінен айналып өтіп, басып кетпеуге тырысатын едік. Ал бұл тыйым денсаулығымыз үшін пайдалы болды. Қазір балалар ата-анасы «үйден шықпа» десе де шығады, «ойнама» десе де сөзіне құлақ аспайды. Мұның бәрі салт-дәстүрімізді берік сақтамағанның салдарынан туындап отыр.

Ол кезде «ата-ананың айтқанын орындамаған баланың болашағы жоқ, қарғысқа ұшырайды» дегенді санамызға сіңіріп өстік. Танысақ та, танымасақ та, үлкен кісілерді көрсек ізет білдіріп, сәлем беретінбіз. «Көргенсіз» деген ауыр сөзді естігіміз келмейтін…

Ел Үкіметі балалар мен үлкен кісілерге ерекше қамқорлық көрсетіп жатыр. 65 жастан асқан кісілердің үйде болуын нықтап айтуда.

Қызылша ауруы кең тараған сол бір ауыр жылдары оқу процесі тоқтатылып, мектептер жабылып қалған жоқ. Ауырып, төсек тартып жатып қалмаған баланың бәрі мектепке барды. Тәртіп қатты болды. Әрине, «ауырып қалып едім» деп бармай қалсақ, мұғалім сенуі де мүмкін. Дегенмен өтірік айтуға ар-ұятымыз жібермейтін. Ата-анамыз да үбектеп жатпайтын. «Сабаққа баратын уақыт болып қалды ғой» деп ұйқыдан ертерек оятушы еді…

Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button