АуылБасты жаңалықтар

Науқанға дайын диқандар

Көктемгі егіс

Ақтөбелік диқандар көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Шаруашылықтарға бұл бағытта мемлекет тарапынан мейлінше қолдау бар. Сондықтан егін егіп, бақша өсірумен айналысқысы келетіндер үшін  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға болады. Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстары үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалына 11 шаруашылықтан жалпы сомасы 61 миллион теңгенің жобасы түскен. 

«Меңдібай» мақсары егеді

Хромтау ауданының Абай селолық округінде орналасқан «Наурыз» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Қожалық иесі Нұрболат Малсақбаев кәсібін жандандыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалынан биыл алтыншы рет несие қаражатына қол жеткізіп отыр.

Хромтаудағы «Наурыз» шаруа қожалығы қор арқылы көктемгі дала жұмыстары үшін биыл алтыншы рет несие алды. Бұл шаруашылықтың басшысы Нұрболат Малсақбаймен біз 2011 жылдан бері жұмыс жасаймыз. Биыл Нұрболат 1300 гектар жерге егін екпек. Оның 90 гектарына — бидай, 200 гектарға — судан шөбін, 200 гектарға арпа егуді жоспарлап отыр, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.

Биыл «Наурыз» шаруа қожалығы аталған бағдарламаның «Өсімдік шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 6 миллион теңге несие алған. Бұл қаражатқа Нұрболат тұқым мен гербицид алуды жоспарлап отыр.

Алға ауданының Қарағаш ауылындағы «Меңдібай-Қарағаш» шаруа қожалығының басшысы Анар Баймағамбетова да 2015 жылдан бері қор мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Биыл аталған шаруашылықтың басшысы тұқым мен жанар-жағармай әрі қосалқы бөлшек алу үшін қордан 6 миллион теңге несие алған. «Меңдібай-Қарағаш» шаруа қожалығын осымен төртінші рет қаржыландырып отырмыз. Бұған дейін де көктемгі дала жұмыстары үшін біздің қордан несие рәсімдеп, қожалық иесі өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын кәсіпкерлер қатарынан көрсете білді», — дейді Г.Ерғазина.

Биыл «Меңдібай-Қарағаш» шаруашылығы 600 гектар алқапқа егін екпек. Оның ішінде арпа, сұлы, мақсары егуді жоспарлайды.

10 жоба қаржыландырылды

Қазір біз штаттық режимде жұмыс жасаймыз. Алайда облыста карантин жарияланып, шектеу шаралары жүргізіліп жатқандықтан, көптеген шаруашылықтар басшыларының қатынасына кедергі туындауы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайға байланысты біз түрлі бағытта жұмыс жасауға дайынбыз. Бүгінгі күні көптеген аудан әкімдеріне тікелей шығып, жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені шаруаларға блок-бекеттерден кіріп-шығуға рұқсат қағазы керек. Дегенмен, барлық мәселені оңтайлы шешіп жатырмыз. Іс жедел түрде жүргізілуде. Бұл орайда қор арқылы несие алу мәселесі де тоқтаған жоқ. Қазіргі күні біз аудандардағы ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың көктемгі дала жұмыстарын уақтылы атқаруына басымдық беріп отырмыз. Негізінен көктемгі егіс жұмыстары «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жүргізіледі. Бірақ біздің қор арқылы да бұл бағытқа «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие беріледі, — дейді Гүлжанат Ерғазина.

Оның айтуынша, қазіргі күні қор арқылы қаржыландыруға көктемгі дала жұмыстары үшін 11 шаруашылықтан 61 миллион теңгенің жобасы түскен. «Бүгінгі таңда біз 10 жобаны қаржыландырдық. Бір жоба қаралымда жатыр. Қаржыландырылған жобалардың көпшілігі Хромтау мен  Қарғалы аудандарының шаруаларынан түсті», — деді филиал басшысы.

Бұл — науқандық жұмыс. Шаруалар бұл жұмысты дер кезінде, уақтылы атқармаса, кейін бәрі кеш болады. Сондықтан біз қаржыландырып жатқан жобалардың көпшілігі астықты аудандардан түсіп отыр. Атап айтқанда, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Алға, Мәртөк және Қобда аудандарының шаруалары өз жобасын ұсынды. Егер ауылдық аймақтардағы қожалық иелерінен көктемгі дала жұмыстары үшін несие алуға ниет болса, біз жобаларды қабылдауға дайынбыз, — дейді қор директоры.

3 млрд теңге және қосымша қаражат

Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, биыл қорға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 3 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Бұл қаражат облыстың 12 ауданындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін бағытталмақ. Сондай-ақ биыл маусым айында қорға тағы да қосымша 500 миллион теңгеге жуық қаржы келеді деп күтілуде.   Яғни қосымша қаражат Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы кәсіп бастаушыларға және ісін дамытушыларға несие ретінде үлестірілетін болады.

Жыл басында біз Үкіметтен келетін қаражатты күтпей-ақ, қайтарылған  қаржы есебінен ауыл шаруашылығы құрылымдарына несие беруді бастап кеттік. Бұл — қордан 2017-2018 жылдары бес-жеті жыл мерзімге несие алған, алайда сол несие қаражатын мерзімінен бұрын жапқан қарыз алушыларымыздан түскен қаржы. Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалына барлық бағдарламалар арқылы жалпы сомасы 700 миллион теңгеге 149 тапсырыс түсті. Сол тапсырыстың 128-і жалпы сомасы 596 миллион теңгеге мақұлданды, — дейді қор басшысы Гүлжанат Ерғазина.

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша «Егінжай» бағдарламасына да қатысуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарламаның егін егіп, бау-бақша өсірумен айналысушылар үшін тиімділігі зор. Кредиттік мерзімі 36 айға, жылдық үстемеақысы 6 пайызбен, 6 миллион теңгеге дейін рәсімделетін несие қаражаты көктемгі дала жұмыстары мақсатына бағытталады.

 Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button