Басты жаңалықтар

Инвестициялық ахуалды жақсарту және тұрақты бақылау

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. Ал қала, аудан әкімдері видеобайланыс арқылы қосылды.
Жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланып, биыл қаңтар-наурыз айларында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды.
Аталған мерзімдерде өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады.
Өнеркәсіп — 440,5 миллиард теңгені, инвестиция көлемі — 94,4 миллиард теңгені, ауыл шаруашылық саласы 38,7 миллиард теңгені құраса, 156,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

— Карантиндік режимдерге қарамастан өңірде ауылшаруашылық, соның ішінде көктемгі дала жұмыстарын атқару, құрылыс, инвестиция тарту жұмыстары жалғасады. Сондықтан осы мәселелердің барысымен жүрген көліктердің кіріп-шығуы сынды шараларды барынша жеңілдеттік. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталсын, — деді Оңдасын Оразалин.
Сонымен қатар, өңір басшысы ағымдағы жылы қол қойылған меморандум аясында негізгі капиталға 746 млрд. теңге инвестиция көлеміне қол жеткізу бойынша негізгі міндет тұрғандығын айтты.
— Инвестициялық ахуалды жақсарту және облыс экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмыс біздің тұрақты бақылауымызда, — деп атап өтті облыс әкімі.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа талаптарға сай келетін әрі ережелерді толық орындайтын сауда орындарына азық-түлік сатуға мүмкіндік беру керектігін айтты. Аудан әкімдеріне алға қойған мақсаттарды орындауда бәсеңдемей, қарқынды жұмыс жасауды жалғастыру қажеттігін тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button