Әлеумет

Ақтөбе облысында 15 санат бойынша 84 892 адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі

Анық-қанық

Қазір көпшілікті төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмек көп толғандырады. Расында, кімдерге қандай көмек беріледі?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай кезеңінде кейбір санаттағы азаматтар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етілетін болады.

Бұған қатысты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бізге берген мәліметі мынадай: жалпы біздің облыста 15 санат бойынша 84 892 адамға  әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Оның ішінде, төтенше жағдай кезеңінде республикалық бюджеттен азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алу үшін кейбір санаттағы 32 464 адамға 5567 теңгеден төленеді. Бұл үшін 227 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Атап айтсақ, 5567 теңге атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларына, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-анаға, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі.

Сондай-ақ облыс басшысының  тапсырмасына сәйкес, тоғыз санат бойынша 44 534 адамға 20 мың теңге көлеміндегі біржолғы көмек тағайындалып отыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 890 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Біржолғы көмек I, II, III топтағы мүгедектерге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға,  мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-анаға, жалғызбасты және жалғыз тұратын зейнеткерлерге, күнкөріс деңгейінен төмен (27666 теңге)  тұратын аз қамтылғандар мен 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Бұлардың қатарына туберкулез, ВИЧ, онкология секілді әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар жатады. Осындай санаттарға кіретін әр адамға 20 мың теңгеден беріледі. Жергілікті бюджеттен берілетін біржолғы ақшалай көмек тиісті адамдардың есепшотына сәуір айының жиырмасына дейін аударылып болады, — дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Сондай-ақ басқарма басшысы төтенше жағдай кезеңінде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін құжат тапсырудың қажеті жоқтығын, көмек алушылардың тізімі ақпараттық жүйе арқылы автоматы түрде жасақталатынын, мұндай көмек бір адамға тек бір санат бойынша ғана берілетінін ескертті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button