БілімБасты жаңалықтар

Министрлік шешімі: облыстағы 20 мыңға жуық оқушы емтихан тапсырмайды

Министрліктің шешімі бойынша еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 9-сыныптар қорытынды аттестация емтихандарынан, ал 11-сыныптың оқушылары мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарынан босатылды. Сондай-ақ төртінші оқу тоқсанында бөлім бойынша жиынтық бағалау мен (БЖБ) тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) бір-бірден ғана өткізіледі.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, облыстағы 402 мектептің 299-ы — орта мектеп, ал негізгі мектептердің саны — 81. Бұл білім шаңырақтарында 6500-ден астам 9-сынып оқушылары білім алады. Мектеп бітірушілердің үлесі 12 мыңға жуық бала.

  • Қорытынды аттестация емтихандарының өткізілмеуі білім сапасына кері әсерін тигізбейді. Оқу процесінің қашықтан ұйымдастырылып жатқанын ескерсек, үйде отырған оқушылардың барлығы бірдей емтихандарды жоғары бағаға тапсыратыны анық. Әрине, үйдегі оқушы оқулық, басқа да қажетті кітаптар, интернет ресурстарды еркін пайдаланып, емтихан тапсырмасын тиянақты орындай қояды. Бұдан білім сапасын анықтау мүмкін болмайды. Сол себепті, министрлік өте дұрыс шешім қабылдады. Шешімге сәйкес, оқушыларға 1,2,3-тоқсандардың қорытындысы бойынша орташа бағасы қойылып, жылдық баға шығарылады. Тиісінше, негізгі орта білім туралы куәлік пен жалпы орта білім туралы аттестатқа сол бағалар қойылады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Айта кету керек, 9-сынып оқушылары қорытынды аттестация емтихандарын  негізгі орта білім туралы куәлік алу үшін, ал 11-сынып оқушылары мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін тапсырады.

Жаңа форматтағы білім беру тәсілі бойынша алғашқы оқу аптасы аяқталды. Облыстағы 216 мектеп интернет платформалары арқылы жұмыс жасап жатыр. Ал 186 білім шаңырағындағы 16770 бала «Балапан» мен «Еларна» телеарналары арқылы сабақ оқиды. Кері байланыс әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ курьерлік байланыс жолға қойылған. Байланыстың бұл түрі денешынықтыру, технология пәндері мұғалімдерінің, лаборанттардың көмегімен жасалуда. Олардың қауіпсіздіктері қатаң бақылауда. Курьерлік қызметке тартылған педагогтердің, мамандардың барлығы да арнайы киімдермен қамтылған. Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, оқу процесі бір ізге түсіп, жүйеленді.Ата-аналар тарапынан шағым жоқ.

Төртінші тоқсанда бөлім бойынша жиынтық бағалауды еліміз бойынша4-8 мамырда өткізу жоспарланып отыр. Тоқсандық жиынтық бағалау 18-22 мамыр аралығында ұйымдастырылады. Айта кету керек, тоқсандық жиынтық бағалау өзін-өзі тану, көркем еңбек, музыка, денешынықтыру, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау, қоғам және дін пәндерінен өткізілмейді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу уақытында өзгеріс жоқ. Мектеп түлектерінің ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған тест тапсырмаларын тегін пайдалануларына мүмкіндіктері бар. Онда тестілеудің 70 нұсқасы берілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button