Әдебиет

Жарқыраған Жанар еді…

Сынаптай жылжып өтіп бара жатқан уақыт керуенінде санамыздағы сансыз оқиғалар біртіндеп көмескілене беретіндей сезіледі. Шығармашылық ортаға өзіндік қолтаңбасымен, ақындық үнімен қосылған Жанар Нұрғалидан көз жазып қалғанымызға да жылдан асыпты.

Жанар маған туысқандық жағынан жақын қарындасым болып келеді. Оның үстіне рухани салаға бейімділігіміз, шығармашылыққа жақындығымыз арқылы ағалы-қарындасты туысқандық сыйластығымыз беки түсті. Баспасөз саласында бірге қызметтес те болдық.

Елордамызда тұрған жылдары Жанардың бойынан ерекше өзгеріс байқадым. 2018 жылы мамыр айында туған өлкеден бір топ кітапхана қызметкерлеріеліміздің бас қаласына барған сапарымызда Жанар да жерлестерінің қасынан табылды. Көптен көрмеген ауылдастарымен жүздескеніне қуанды ма, туған жерін сағынды ма, бірге дәмдес болып, ел жақты қайта-қайта сұрады. Алдағы күзде әкесі Сәндібек ағамыздың  өмірден өткеніне он жыл толуын атап өту жоспары бар екенін деайтып қалды.

Арада үш ай өткенде қыркүйектің басында  Ырғыздың танымал перзенттерінің бірі Сәндібек Байжиенді еске алу шараларын өткізуге қолдау көрсетуін сұрап аудан басшысына арнайы хат жолдады. Ол кісіні еске алу мақсатында  жастар арасында еркін күрестен аудандық жарыс өткізу, аудан орталығында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру мәселелеріне жергілікті азаматтар  тарапынан қолдау жасалды.  Жанар маған да жиі хабарласты. Өзім де қолғабысымды көрсеттім. Өзге бауырларымен, туысқан ағайындарымен  бірге осындай игілікті іс-шаралардың басы-қасында Жанардың өзі жүріп еді…

«Алақандай бір тағдырға

Байлаулы қысқа ғұмырым» — деп, өзі өлеңге қосқандай, әке алдындағы перзенттікпарызын өтеуге құлшынакіріскенЖанар әлдебіртағдырдың жазмышын сездіме екен деген ой келеді. Шын мәнінде «Жанар өмірден өтті» деген суық хабар оны жақсы танитын, білетін, жауһар жырларын тамсана оқитын адамдарға ауыр тиді. «Аппақ әлем» деген жыр жинағын шығарған Жанар Нұрғалидың жаратылысы, мінезі де шынайы, таза еді. Ол әрдайым адамдарға кіршіксіз көңілмен сенетін, өлеңдері де өз болмысын, көңіл-күйіне қаяу түскен шақтардағы мұңды сезімін сездіретін.

Жанардан кездейсоқ көз жазып қалған сәтте әлеуметтік желіден өзгелермен қатар әріптес достарының, шығармашылық орта өкілдерінің қатты қайғырғанын аңғардық. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай фейсбуктегі парақшасында: «Ажалға қарсы тұра алмайтын қандай әлжуаз едік десейші, біз, адамдар…Қазақ өлеңінің аспанынан тағы бір жұлдыз ағып түсіпті! Мен Жанарды көрген жоқпын. Мүмкін көрген де шығармын-ау, бірақ арнайы таныспаппын. Алайда баспасөз бетінде жарияланған өлеңдерінің бәрін де соншалықты ризашылықпен оқушы едім. Ол табиғи дарынды ақын болатын» — деп жазды. Осындай көздегі жасы мен көңілдегі мұңын Бауыржан Бабажанұлы, Гүлжайнар Сүлейменова, Айгүл Жұбаныш, Аманғазы Кәріпжан, Айдар Карбозұлы, Гүлімай Әбішқызы, Индира Өтеміс, Гүлжайнар Қалдина, Талғат  Тілеулес және басқалары жолдады…

Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын  газетте жарияланған «Аралда» деген жолжазбамда:«Иә, Арал тағдыры аз айтылып жатқан жоқ.

«Қайтып келіп құстарың мекеніне,

Күмәнім жоқ қуаныш етеріңе.

Ей, адамдар, сеніммен көзді жеткіз,

Арал судың анасы екеніне», — деп бір кезде жырлаған ақын қарындасымыз Жанар дәм-тұздың Аралдан бұйырарын сезді ме екен?..» — деп жазыппын.  Мынау жарық дүниеде әр адамның  тағдыры әрқалай қалыптасады. Қысқа ғұмырында  Жанардың өлең сөздің мінберіне көтеріліп, отбасын құрып, ұрпақ сүйіп,бұйырған несібесін татып үлгергені  көңілге медет. Тағы бір өкінішті жағдай, Жанардың кездейсоқ қазасы жанына батып кетсе керек, қызын жер қойнына тапсырғанына тура бір ай өткен соң анасы Жансәуле де қайтпас сапарға аттанды…

«Міне,  осылай  жоғыңды  таппағасын,

Періштелігін  періште сатпағасын,

Сөйтіп, бір көлеңке жалғыздықпен,

Екінші бір әлемге аттанасың» — деп, мәңгілік  мекенге мезгілсіз кеткен  Жанардың жақұт жырлары  әрдайым санамызда берік ұялайды. Оның бейнесі жадымызда жаңғырып тұратын  болады.

Жарық жұлдыздай Жанар Нұрғали жыр әлемінде өз орыны бар ақын ретінде әспеттелуге хақылы. Асылымызды  ардақтап, ойлы оқырман жұртшылыққа Жанардың артында қалған шығармаларын  насихаттап жеткізу біздер үшін сын да, парыз да болмақ…

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button