Ауыл

Қобда жәрмеңкесі қызып тұр

Соңғы жылдардағы құрғақшылық әсерінен егіні шықпай қиналған қобдалық шаруашылықтар мал басын көбейтуге, қаз-үйрек өсіруге, бау-бақша отырғызуға ден қойды. Биыл аудан бойынша 53,5 гектарға Қызылжар ауылындағы «Қызылжар», Сөгәлі ауылдық округіндегі  «Әлішер», «Жанарыс» шаруа қожалықтары бақша дақылдарын отырғызды. Оның ішінде көкөніс пен картоптан, қарбыздан мол өнім алды. Осы аптада алған өнімдерін шаруашылықтар аудан орталығында биыл бірінші рет ұйымдастырылған күзгі жәрмеңкеге алып шықты.

Алдын-ала көшелерге ілінген хабарландырулардан құлағдар болған тұрғындар ертелетіп жәрмеңке өтетін орын — аудандық Мәдениет үйінің алаңына жиналды.

Әр ауылдық округ атауы жазылып белгіленген орындарға сатуға әкелген өнімдерін орналастырып қойды. Алыстан көздің жауын алатын қызанақ пен қарбыздың кезегіне тұрғандар бірден келілеп алып, жүргізушілер көліктерін босатып қойса, картопты, сәбіз пен пиязды қап-қабымен өткізген бағбандар саудасы қызғанына дән разы болып тұр.

Ал ауылдың май-қаймағы, құрт-ірімшігі таласқа түскен тауарлардың алды болды. Тары мен талқанның қадірін білген ауыл тұрғындары бағасын түсірмей-ақ тұтынушысына өткізіп жіберді.

Жәрмеңкеге арнайы келген аудан әкімі Любовь Исмағамбетова: «Күзгі жәрмеңкелерді ұйымдастырудағы мақсатымыз тұрғындардың қысқа қор дайындап алуына мүмкіндік туғызу болды. Бұл жәрмеңкеден тұрғындар әдеттегі бағасынан төмен бағамен сатылатын ауыл шаруашылық өнімдерін ала алады. Әрі аудан шаруашылықтарының өнімдерін тез өткізіп, тұтынушымен арада байланыс орналастыруға жәрмеңке себепші болады. Бал қаймақ, құрт-ірімшік, тары-талқан, тәтті тосап, қауын-қарбыз, құстың еті, сиыр сүті, бәрі-бәрі осы жәрмеңкеден табылып жатқанына мен де қуанып тұрмын», — деді.

Қызылжардың ала қарбызының келісін 35 теңгеден, қызанақты 80 теңгеден алған көпшілік олжаға тап келгендей қуанды. Картоптың да бағасы дүкендегі бағадан 15-20 теңгеге арзан болды. Қырыққабат пен асқабақты тұрғындар іздеп жүріп Өтек ауылынан келген «Өте» шаруа қожалығының жүк көлігінен түсіріп алып кетті. Шаруашылық басшысы Айбек Өтеев биыл 1 гектарға картоп, 2 гектарға көкөніс түрлерін отырғызғанын айтты. Ол көліктің алдында жатқан алып асқабақты көшеге көтеріп шығып, жұртты таңырқатты.

Жәрмеңкеде ала қарбызымен көзді арбаған «Қызылжар» шаруа қожалығының басшысы Абылай Балманов — көктемгі науқанда бақша дақылдарын өзгелерден көбірек отырғызған шаруа адамы. Тамыз айы басталысымен ол 47 гектарға еккен бақша өнімдерін, 2 гектарға отырғызған картопты, 10 гектарға шыққан көкөніс түрлерін аудан орталығына, көрші ауылдарға апарып сата бастады. Өткен жәрмеңкеде де көпшілікке бақшасымен танылған шаруашылықтың өнімдерін жұрт лезде сатып алып кетті.

Көкүйдегі «Жанарыс» пен «Әлішер» шаруа қожалықтары жыл сайын бақша отырғызып, оның өнімдерін өз ауылының және көрші Қоғалы, Сөгәлі, Жиренқопа ауылдарының тұрғындарына сатады. Осы жолы да олар аудандық жәрмеңкеге келді. Сөгәлі ауылдық округі жәрмеңкеге бақша өнімдерінен басқа мектеп жанынан құрылған бизнес жоба аясында өсірілген қаздарды алып келді. Сәбіздің де түрлі сортын сатты. Орман жемістерінен қайнатылған тосаптың дәмі тіл үйіреді.

Жарсай ауылдық округі себетке салып әкелген қаз-үйректер шулап, жәрмеңкеге жиналған көпшіліктің назарын аударды. Қаздың бағасы 4000 теңгеден, үйрек 2000 теңгеден сатылды. Қаймақтың литрі 600 теңгеден болса, сары майдың келісі 700-800 теңгеден өтті.

Жәрмеңкеде тұрғындар жан-жақтан келген картопты қапшығымен сатып алуға тырысты. Жүк көліктеріне тиелген картоп екі сағаттың ішінде сатылып кетті. Аудан бойынша биыл 350 гектарға көкөніс, 430 гектарға картоп егілді. Картоптың  408 гектарын тұрғындар өздері отырғызған,  22 гектары ғана шаруашылықтардың иелігінде. Көкөністің де 333 гектары тұрғындардың бақшасында егілсе, 17 гектар жерге шыққан өнім шаруашылықтардың еңбегіне тиесілі.

Жалпы, аудан бойынша «Алға», «Өте», «Қызылжар», «Жалғас», «Әлішер», «Жанарыс», «Табын» сияқты шаруа қожалықтары тұрғындарды картоппен, көкөніспен қамтыды.

Негізінен ауыл шаруашылық өнімдері арзандатылған бағамен саудаға шығарылған жәрмеңкеде аудан орталығындағы наубайхана да әдеттегісінен төмен бағамен тәтті тоқаштар, нан, бал қосылған бәліштер сатты.

Енді қобдалықтар әр сенбіде жәрмеңкеге барады.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button